Семейде «Мамандығым - болашағым» атты жұмысшы жастар форумы өтті
Жастар арасында жұмысшы және инженер мамандықтарының қажеттігі күн сайын артып отыр. Осыған орай Семей қаласының Электротехникалық колледжінде қалалық ішкі саясат бөлімі мен «АМИДО» Шығыс Қазақстан облыстық Жастар Қоғамдық Бірлестігінің ұйымдастыруымен «Менің мамандығым – менің болашағым» атты жұмысшы жастар форумы өтті.
Шараның мақсаты жастар арасында техникалық және кәсіптік мамандықтарды насихаттау. Жұмысшы жастар форумына мектеп түлектері және «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан колледж студенттері қатысты. Форумға қатысушылар жұмыс ұсынушы кәсіпорындарға барып, алға қойылған жоспарларымен бөлісті. Жастар арасындағы белсенділерге сертификаттар табысталды.
- Мемлекеттік жастар саясаты- қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыттарының бірі болып табылады,-деді қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаев,-алдағы уақытта да Қазақстанның жолы Елбасы айтқандай жастармен тығыз байланысты екендігі белгілі. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болып жатыр. Осы үшін кәсіби мансап пен тұлғалық өсуді қамту қажет. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын: «Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда». Біз осы шараны Елбасының тапсырмасына орай қолға алып жатырмыз. Бүгінде жас мамандардың жастардың көбі қаржыгер, заңгер, экономист мамандықтарын таңдап кеткен. Нәтижесінде өндіріс саласында жұмысшы мамандардың тапшылығы орын алуда. Осы олқылықтардың алдын алу мақсатында бүгін осы шараны қолға алдық.
Қазіргі таңда техникалық мамандығы бар азаматтардың қажеттігі туындап отырғандығы рас. Жастар тәжірибесін ұйымдастырушылар техникалық мамандығы бар азаматтарды қабылдауға ниет білдіруде. Техникалық мамандығы бар жоғары оқу орындарының түлектері айлық жалақыларының көп болуын да арман етеді. Форумда «Серпін сардарларының» көшбасшысы Олжас Жандыллаев «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында білім алу және жұмысқа орналасу туралы айтып өтсе, осы ұйымның белсендісі Шұғыла Дәулетхан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының мақаласына тұщымды мысалдар келтірді. Ішкі саясат бөлімініің басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, Жастар саясатының басым бағыттары мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген. Бұл мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңына негізделеді. «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Серпін-2050» жобалары бүгінде жастар үшін тамаша жүзеге асырылуда.