KZ
Өскемен
+23°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
474.57 513.63 5.53

Өскемендегі «Ривьера Резиденс» тұрғын үй кешенінде пәтерлер сатыла бастады

15.11.2017, 03:03 143

Өскеменде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру» бағыты бойынша салынған ең алғашқы көп пәтерлі тұрғын үйді сату кесімшарты жасалып, маңызды құжатқа «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Нұрлан Күзембаев пен «Восток-Клио» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Вячеслав Тарнайкин қол қойды.


95 пәтерлі, бес қабатты жаңа үй шаһар орталығымен салыстырғанда экологиясы таза саналатын Ертіс жағалауындағы Куленов ықшамауданында бой көтерген «Ривьера Резиденс» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ерекше сәулетімен көз тартатын жаңа зәулім үй инфрақұрылымы жетілдіріліп, заманауи сұранысқа сай салыныпты. Құрылысты салған басшылардың айтуынша, алаңда бірнеше спорт және ойын алаңдары, автотұрақ, сенімді қауіпсіздік жүйесі, дәріханалар мен наубайхана, супермаркет, банк бөлімшелері ашылып, кешен тұрғындары үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Бүгінде аумағы 46 шаршы метрден 242 шаршы метрге дейін болатын бір, екі, үш, төрт бөлмелі пәтерлер сатыла бастады.

«Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру» бағытын жүзеге асыруға үш тарап қатысып отыр. Екінші деңгейдегі «Центркредит Банк» жеке құрылыс салушы «Восток-Клио» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне несие береді. Алайда жеке құрылыс салушы бұл несиені жеңілдікпен алып отыр. Өйткені, халықтың әр санатының тұрғын үй мәселесін кешенді шешу мақсатында Елбасының тапсырмасымен қолға алынған осы бағдарламаның аясында мемлекет «Даму» АҚ арқылы жеке құрылыс салушылардың несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын субсидиялап отыр. Мұның өзі салынған тұрғын үйдің шаршы метрінің құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, аталған үйдің нарықтағы бағасы шаршы метріне 200 мың теңге болса, ұсынылып отырған баспананың шаршы метрі 175 мың теңгені құрайды.


-«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалы бұл пәтерлердің 50 пайызын өз салымшыларына ұсынады. Тұрғын үй рәсімдеуде азаматтардың жасына қарамайды. Үй құнының 30 пайызын төлеп, әрі қарай несие төлеуге жалақысы жететін болса, кез келген азамат ала алады. Өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны 78 мыңнан асты. Бүгінгі таңда банктен шот ашуға жеңілдік жасалып, тегін жүргізіліп жатыр. Шотқа белгілі мерзімге дейін қаржы жинаған соң салымшыларымыз ипотека ғана емес, сонымен қатар жеке үй салуына, баспанасын жөндеу жұмыстарына қажетті несиені банктен арзан пайызбен ала алады. Биылғы жылдың соңына дейін 1142 салымшы өз баспаналарының кілтіне ие болады. Ал алдағы 2018 жылы тағы да бір мыңнан астам пәтер салымшыларға ұсынылады,-дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив