Европалық Қайта құру және Даму Банкі (ЕҚДБ) бүгін Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері үшін семинар өткізді. Бизнестерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны барынша тиімді жүргізу мақсатында кәсіпкерлерге қазіргі консалтингтік қызмет көрсету нарығының мүмкіндіктері, сондай-ақ басқару дағдыларын дамытудың тәсілдері ұсынылды.
«Консалтинг - сіздің бизнес табысының құралы» деп аталған семинар бірнеше тұсаукесерлерден және жергілікті кеңесшілердің бизнесті басқарудың заманауи технологияларына негізделген шеберлік кластарынан құрылды. Елуден аса кәсіпорын басшылары мен меншік иелері қаржылық басқарудың, маркетинг пен сатудың, бизнес-процестер мен жобаларды басқарудың, ақпараттық технологиялар мен бизнесті автоматтандырудың түрлі тәсілдерін талқылап, өзара пікір алысты.
«Бұл шараның мақсаты - кәсіби тәуелсіз сарапшылардың өңірдің шағын және орта бизнесіндегі кәсіпкерлерге қаншалықты пайдасын тигізе алатындығын көрсету, - деп атап өтті өз сөзінде ЕҚДБ-нің Қазақстандағы Шағын бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламасының менеджері Алма Қасымова, - кәсіпкерлер ең аз шығынмен және заманауи технология арқылы бизнестің тиімділігі мен өнімділігін қалай арттыруға болатындығын ойларына түйді. ЕҚДБ Қазақстандағы шағын және орта бизнеске 2001 жылдан бері бизнес-кеңестер алуға көмектесіп келеді. Бүгінгі күнге дейін қазақстандық білікті бизнес-кеңесшілер 1500-ден аса кәсіпорынға кәсіби көмектер берді».
Шараға қатысушылар алдында сондай-ақ, республикалық «Даму» АҚ облыстық филиалының менеджері Раушан Тілеубаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Оксана Желякова сөз сөйледі.
ЕҚДБ-нің Қазақстандағы шағын бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламасын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік қуатты арттыру» деп аталатын төртінші бағытының аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі қаржыландырады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін кәсіпорындар кеңестік жоба құнының 75% мөлшеріне дейін (10000 евродан аспайтын жоба үшін) төлемдік грант ала алады.
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz