Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың қазір Алматыда тұрып жатқан отбасы таяу арада Өскеменге қайта оралады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл жайында ШҚ облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында хабарлады.
Басшының айтысына қарағанда, Ольганың жаттықтырушысы мен жолдасына жеңіл атлетика манежінен менеджерлік қызмет ұсынылған. Ал Ольганың өзі жарыстарға қатысуын жалғастыра береді.
Әбіл Дөңбаев сонымен қатар өз саласындағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.
Біздің облыста денешынықтырумен, спортпен айналысушыларға барынша жағдай жасалып жатыр. Жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы да жақсарып келеді.
Облысымыздың жасөспірім хоккейшілері әлем чемпионаты аясындағы жарыстарға қатысып жүр. Солардың арасында биыл орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарына емтихан тапсырғандары да бар. Әлем чемпионы бола тұра, олар жоғары және арнайы оқу орындарына грантпен түсуі қамтамасыз етілмеген деген пікір ел арасында қалыптасып барады.
Басқарма басшысының айтуынша, әлем чемпионатының ережесі бойынша «А» жоғары және одан төменгі сатыдағы «Б» дивизиондары бар. Ең мықты командалар «А» дивизионында шоғырланған. Ал «Б» тобындағы командалар «А» тобына берілетін жолдама үшін өзара бәсекеге түседі. Сондай-ақ, «А» тобында жеңіске жеткен команда әлем чемпионы атанады. Біздің облыстан 17 хоккейші Қазақстан құрама командасының сапында «Б» дивизионында сынға түсіп, екінші орын алып, жоғары дивизионға берілетін жолдамаға қол жеткізе алмады. Мемлекеттік грантқа ие болу үшін әлем чемпионы атанғанын дәлелдейтін диплом-сертификат болуы керек.
Осыдан бес-алты жыл бұрын әлем чемпионатына тек өскемендік хоккейшілер қатысса, қазір командаға басқа облыстардың хоккейшілері қосылды. Ал құрама команда біздің облыс есебінен қаржыландырылып отыр. Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы мен бас бапкер құрама команданы жасақтайды. Басқа өңірден қатысушылар болса, онда федерация қаржыландыруы тиіс.
Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын еліміздің құрама командасындағы спортшылардың жартысынан астамы біздің облыстан екендігі қазіргі деректер бойынша белгілі болып отыр. Нақтылы кімдер қатысатыны қаңтар айында анықталады.
Өскеменде көркем гимнастикамен айналысушыларға жаттығу жиындарын өткізетін арнайы орын бөлінеді. Әбіл Дөңбаевтың айтуынша, спорт шебері бағдарламасын орындаған гимнастшылар жаңа жылдан кейін Жекпе-жек сарайында жаттығатын болады. Оларға жаттығу кезінде қолданатын құралдарын емін-еркін пайдаланулары үшін залдың төбесінің биіктігі он метр болуы керек. Ал бұл сарайда ондай жағдай бар.
Сондай-ақ, бұрын нақтылы жаттығатын орындары болмаған қалған гимнастшылардың барлығы енді бір жерде дайындалатын болады. Мектептен гимнастикаға арналған зал бөлінеді. Секцияға қатысушыларды еңбекақысы бекітілген жаттықтырушы баулитын болады. Негізінен гимнастика бойынша арнайы сынып ұйымдастырылады.
– Жаттықтырушы Ольга Горбуновамен бірге бірнеше мектепті аралап, көріп шықтық. Соның ішінде № 24 орта мектептің залын таңдадық. Енді ұйымдастыру шараларын шешуіміз керек. Қаңтар айынан бастап көркем гимнастикамен шұғылданушылар тұрақты түрде бір залда ғана айналысатын болады, – деді Әбіл Дөңбаев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс орталығында Ольга Рыпаковаға сыйлаған пәтерді жекешелендіру мәселесі де шешімін тапқанын айтты.
Әлімжан Қадылбекұлы
Мәлімет көзі: Altaynews.kz
Мәлімет көзі: Altaynews.kz