Өскеменде спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен облыс әкімдігі арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz
тілшісі.
Конфедерация мүшесі – Қазақстанның бокс федерациясы демеушілердің қолдауымен Семей қаласында типтік дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салатын болады. Аталмыш нысан бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика сынды спорт түрлерімен айналысуға арналмақ. Конфедерация мұндай әмбебап кешенді еліміздегі спорттық әлеуеті зор екі қалаға салуды ұйғарып отыр. Бірі – Түркістан қаласы, екіншісі – Семей.
Меморандум аясында конфедерация спорт нысанын қажетті құрал-саймандармен жабдықтап, ондағы үйірмелердің жұмысын ұйымдастырады, сонымен қатар білікті жаттықтырушылар құрамын жарақтайды.