KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Шығысқазақстандықтар халықаралық туризм күнін тойлады

29.09.2013, 18:00 148


Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының сол жағалау кешеніндегі этноауылда Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары халықаралық туризм күнін тойлады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Биылғы жыл басынан бері біздің облысқа 149 мыңнан астам турист келіп қайтқан. Ал туристерді қабылдау, қызмет көрсету жағынан біздің облыс елімізде Астана, Алматы қалаларынан кейін үшінші орында келеді. Қазіргі уақытта қызмет көрсетіп жатқан 58 фирманың туристерді орналастыратын 247 жайғастыру нысандары бар.

– Осы мерекеге арнайы келіп қатысып отырғанымызға қуаныштымын. Біздің мақсатымыз - екі ел арасындағы достық байланысты туризм арқылы одан ары нығайта түсу. Шәуешек аймағына Үржар ауданынан визасыз үш күндік сапарман келіп қайтып жатқан адамдар көбейіп келеді. Енді біздің аймақтан да Алакөлде демалуға болатындай қарым-қатынас орнатсақ деген ой бар, – деді Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Тарбағатай аймағы туризм басқармасының бастығы Әбен Қабепұлы.

Мерекеге жиналған қауым стендттер мен фотосуреттерден облысымыздың туристік әлеуетін көріп білді. Арнайы су құйылған қауызда жүзіп жүрген балықтарды біреулер көріп, қызықтаса, енді біреуі қолына қармақ ұстап, балық аулаудың қызығына түсіп кеткен. Сондай-ақ, бал, панты өнімдерінің және спорт құрал-жабдықтарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

«Зубр» консалтинг орталығы «Аумақтың туристік бренді және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы» деген тақырыпта туризм саласының мамандарымен сабақ өткізіп жатты. Сахнада облыс орталығының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, жиналғандардың көңіл күйін көтере түсті.

«Әйгерім» демалыс үйінің, Катонқарағай бұғы паркінің, «Климовка» демалыс базасының, «Восток Тур-Драйв» компаниясының, «Көктау», «Алтай Альпі» сауықтыру кешендерінің, «Изумурудный» шипажайының өкілдері жиналған қауымға өздерінде көрсетілетін қызмет түрлері жайында әңгімелеп, туристік төлқұжат, жолсілтемелер, карталар, жарнамалық бүктемелер жиынтықтарын көрсетіп, таратып беріп жатты. Қазақстандағы орман қорының 90 пайызы біздің облыста орналасқан. Облыста экотуризм дамып келе жатқан, ерекше қорғауға алынған 14 қорық бар.

Әлімжан Қадылбекұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив