KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность Штиль
480.61 534.53 5.28

Елімізде тұңғыш рет Отбасы мерекесі тойланады

6.09.2013, 18:00 187


Ертең елімізде тұңғыш рет Отбасы мерекесі аталып өтілмек. Осы орайда облыс орталығында «Жауапты ата-ана – мықты отбасы – қамқорлықтағы балалық шақ» атты дөңгелек үстел өткізіліп, оған облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Семей және Өскемен қалаларындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының тәрбиешілері, психолог-мамандар қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

«Отан – отбасынан басталады» дейтін дана халқымыз ұрпақ тәрбиесі-не қашан да зор мән беріп келген-ді. Бала – болашағымыз, ата-ана ісін жалғастырушы. Ал бала тәрбиесі – ата-ана үшін қашан да күрделі әрі жауапты міндет, қасиетті парыз. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бірдей үйір болатыны мәлім. Ата-ананың отбасындағы әрекеті балаларының көз алдында өтеді, сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің жас буынның тәрбиесіне ықпалы зор.

Дөңгелек үстел барысында осы мәселе төңірегінде кеңінен сөз қозғалып, түрлі пікірлер, жақсы-жақсы ұсыныстар айтылды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. Елбасы
«Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мемлекет – отбасынан басталады», деп қоғамымызда отбасылық құндылықтар негізін бекіту маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Соған орай, биыл Президент Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісінде тұңғыш рет Отбасы күні аталып өтіледі, – деді «Статус» әйелдер федерациясы қоғамдық бірлестігінің директоры, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық кеңес мүшесі Ирина Унжакова. – Отбасындағы бала тәрбиесі – өте күрделі мәселе. Өкінішке қарай, елімізде соңғы жылдары отбасында балаларға түрлі зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсету фактілері жиі орын алуда. Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстелде өскелең ұрпақты тәрбиелеу, сондай-ақ, қиын отбасылармен жұмыста кездесетін көптеген түйткілді мәселелерді шешу жолдарын талқылау қатысушы психологтар мен әлеуметтік педагогтар үшін аса пайдалы болды деп есептеймін.

Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылар елімізде өскелең ұрпақты зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында жүзеге асырылып келетін көптеген бағдарламаларға қарамастан, отбасында балаларға қатысты қатыгездік пен қысым көрсету деңгейі әлі де төмендемей тұрғанын, мұның себебі жас буын тәрбиесі негізінен баланы жазалау дәстүріне негізделгенін айтты. Заманауи педагогикада ғылыми дәлелденген, баланы әлеуметтендіру және тәрбиелеу әдістері көп болғанымен, олар отбасылардың тәжірибесінде нақты қолданыла бермейтіні де сөз болды.

Осы бағытта мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың отбасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алудағы жұмысын үйлестіруді жетілдіру қажет деген ортақ пікір айтылды. Өзекті мәселелер көтерілген дөңгелек үстелдің қоры-тындысы бойынша балалармен және ата-аналармен жұмыс істейтін мамандардың құзыреттілігін арттыру, қоғамдық ұйымдардың әлеуетін мектептерде ағарту жұмыстарын жүргізуге тарту сынды ұсыныстар қабылданды.

Нұржан Кенжеұлы

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив