KZ
Өскемен
+12°
небольшая облачность Штиль
479.05 534.57 5.17

Ауылда жиһаз жасау цехы бар

3.09.2013, 18:00 116


Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын ауылында жиһаз жасау цехы жұмыс істейді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жергілікті кәсіпкер Арман Кемпірбаев 2007 жылы аудан орталығындағы қирап жатқан бұрынғы балабақша ғимаратын қолға алып, іші-сыртына түгел жөндеу жүргізді. Ал 2011 жылы «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алып, жұмысын жандандыра бастады. 15 млн. теңге көлемінде алған несиеге ғимарат жөндеуден өтіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. Жиһаз жасау станоктары Қытайдан әкелініпті. Кәсіпкер несиенің қайтарым мерзімін 7 жылға алған.

Осылайша, «Даму» өндірістік-сауда кешенін құрған Арман Кемпірбаев бүгінде 15 адамға жұмыс орнын тауып беріп отыр. Кәсіпкер құрған жиһаз жасау цехына тапсырыс берушілер легі толастар емес. Мәселен, аталған цехқа жиһаз жасауға күн сайын кем дегенде 5 тапсырыс түседі.

Кешеннің өндіріс жөніндегі орынбасары Алтынбек Берлібековтің айтуынша, цехта бір күнде 10-15 пластикалық терезе жасалады. Аудан тұрғындарынан тапсырыс түскенде, цех жұмысшылары тапсырыс берушінің үйіне барып, терезенің өлшемін алады. Тіпті, терезе дайын болғанда апарып, орнатып беру де цех қызметкерлерінің мойындарында. Терезенің бағамы оның көлеміне байланысты. Бір шаршы метрі 12 мың теңгеден бағаланады. Терезенің өлшемі, жасауы және орнатуының барлығы бірге есептеледі.

Сондай-ақ, шеберлер тәулігіне 5-6 шкаф, 10 шақты орындық, 3-4 үстел жасайды. Тұрмыстық жиһаздардың шаршы метрі 4 мың теңгеден бағаланады. Аталған баға – аудан халқының қалтасына қайшы келмейді.

– Бізге көбінесе жекелеген тұрғындар тапсырыс береді. Мемлекеттік мекемелерден де тапсырыстар қабылдап тұрамыз. Аудан әкімдігі, аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық сот, сонымен қатар, аудан кө-леміндегі мектептер мен бала-
бақшаларға да жиһаз жасап беріп, сұраныстарын қанағаттандыруға тырысып жатырмыз, – дейді Арман Кемпірбаев.

Кәсіпкер алдын ала тапсырыс берушілермен келісім-шарт жасағандықтан, барлық жиһазды белгіленген уақытта сапалы жасап беруге үлгеретіндігін айтады. Сондай-ақ, жиһаздың сапасына 1 жылға кепілдік беріледі.

Жиһаз жасауға қажетті материалдар облыс орталығынан тасымалданады. Цехтың меншігінде материал тасуға арналған «ГАЗ-53» жүк көлігі бар. Бұл жүк көлігі дайын болған жиһазды тапсырыс берушінің мекенжайына жеткізіп беруге де қолғабысын тигізіп отыр. Аудан көлемінде тегін апарып беруді жолға қойған. Бұл да болса, ауыл тұрғындарына үлкен көмек.

Жиһаз жасау цехы қазіргі заманауи станоктармен жабдықталған. Жұмысшы-шеберлер жергілікті тұрғындардан іріктеліп алынады. Шеберлер жұмысқа қабылданған кезде, цех басшылығы тарапынан шеберлік сабағын өтіп, тәжірибе жинақтайды.

Бүгінде жиһаздың дизайн талабы ауылдық жерге де ене бастады. Бұл ретте тұрғындар көңілі қалаған жиһаз түріне тапсырыс бере алады. Еуропалық стиль, шығыс стилі немесе ұлттық бағыттағы жиһаздардың кез келген түрін жасау қолдарынан келеді.

– Техникалық мүмкіндіктер де, шеберлер де бұл мәселеде қиындық тудырған емес, – дейді цех басшылығы.

Жұмысшылардың еңбекақысы жұмыс өтіліне қарай төленеді. Орташа есеппен алғанда 35 мың теңгені құрайды. Жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткен шеберлер 60 мыңға дейін жалақы алады.

Арман Кемпірбаев алдағы уақытта қаражат болса, цех өндірісінде өзге де құрылысқа қажетті тауарлар өндіруді, ғимараттың екінші қабатын қайтадан жөндеуден өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Думан Анаш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив