Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алаштың абыз ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың шаңырағында арнайы болып, қадірменді қарияны мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Тоқсанды артта қалдырса да жүрісі ширақ, санасы сергек Бошай атамыз министр мен аймақ басшысын өзінің бөлмесінде қарсы алып, дастарқан басында емен-жарқын әңгіме тиегін ағытты.
– Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы облысымызда өтіп жатқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумның жұмысына қатысуда. Соның арасында уақыт тауып, сізді мерейтойыңызбен құттықтауға әдейілеп келіп отыр, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
– Еліміздің Шығысына жасаған сапарымда өзіңізге арнайы келіп, қолыңызды алып, сәлем берейін, тоқсан жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтайын деп шаңы-рағыңызға ат басын бұрып тұрмын. Деніңіз сау болсын. Жүз жасаңыз деп тілек айтамын. Бердібек Мәшбекұлы екеуіміз келісіп, амандық болса, алдағы қыркүйек айында Алматыда 90 жылдық мерейтойыңызды өткізіп берсек деп отырмыз. Онда біраз ағайындарыңыз бар көрінеді, – деді Мұхтар Абрарұлы.
Мұнан кейінгі әңгіме барысында министр Бошай атаға Шығыстан шыққан талант, Оралхан Бөкейге арналған ескерткіштің дайындалып жатқанын, ай шамасында облыс орталығында орнатылатынын, дарынды жазушыға арналып көше берілетінін жеткізді.
Ал Бошай ақсақал арнайы шаңырағына келіп, мерейтойымен құттықтаған, ыстық лебіздерін білдірген облыс басшысы мен министрге шын жүректен алғысын айтып, қызметтеріне табыс тіледі. «Айта, айта Алтайды, Бошай ата да қартайды» атты кітабын естелік ретінде ұсынды.
Дәурен Аллабергенұлы