KZ
Өскемен
+25°
ясно жел 7 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Қостанайлықтар Әуезов өмірімен Семейде жете танысты

16.07.2013, 18:00 195


Семейдегі облыстық Абай және Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханаларының ұйымдастыруымен «Қазақты әлемге танытқан заңғар жазушы» атты әдеби бейнекөпір өткізілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қостанайлық әріптестер, оқырман қауым М.Әуезовтің жерлестерімен жүздесіп, жазушының өмірі мен қоғамдық қызметі және шығармашылығы туралы мол мағлұматтарға қанықты.

Қостанайлықтар аса құнды еңбектері үшін халық құрметіне бөленген қазақтың ардақты азаматы, әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің туған жеріндегі зиялы қауым өкілдерін онлайн-кездесуге шақырып, көне көз қариялардың жазушы туралы шерткен ұлағатты сөздерін тыңдады. Жазушының кісілік кескін-келбетін көріп, өнегелі сөздерін тыңдаған, сөйтіп, онымен суретке де түскендерін әдемі әңгімелеп берген аға буын өкілдері: Бекен Исабаевтың, Бекен Жұманов пен Қапура Мырзақасымованың айтқан естеліктері қостанайлық оқырмандар үшін қызықты да маңызды ақпарат болды.

Сондай-ақ, жазушылар Медеу Сәрсеке мен Төкен Ибрагимов Әуезовтің Семейдегі алғашқы қызметі жайында, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Арап Еспенбетов жазушының қазақ спортының дамуына қосқан үлесі туралы, ал Балтабек Ерсәлімов М.Әуезов есімімен аталатын педколледж туралы әңгімелеп, қостанайлықтардың таным-түсінігін байытты.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив