KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Әкімдіктер қызметінің тиімділігін арттыру жолдары ШҚО-да талқыланды

15.07.2013, 18:00 259


Кеше ШҚО Әкімі аппаратының басшысы Ержан Жылқыбаев облыс әкімдігі қызметінің тиімділігін бағалау мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді. Жиынға өңірдегі қала мен аудан әкімдері және облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Өткен жылдың және биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындыла-ры қаралған кеңесте бірқатар аудандардың төмен көрсеткіштермен шектелуі қатаң сынға алынды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– 2010 жылы біздің облыста барлық салалар бойынша көрсеткіштер өте төмен еді. Мұны өңірдің еліміздегі облыс әкімдіктері арасында 11-орынға тұрақтағанынан байқауға болады. 2011 жылы бұл жағдай тіпті күрделене түсті. Мемлекет-тік органдар арасында 15-орынға дейін түстік. 2012 жылы аталған мәселеге жүйелі түрде ден қоя бастағанымыздың арқасында облыс әкімдіктері арасында бірінші орынға қол жеткіздік. Демек, нәтиже бар. Біз бұл көрсеткішті енді нығайта түсуіміз керек, – деп бастады сөзін Ержан Жылқыбаев.

Аппарат басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстан үшін ендігі меже – облыс әкімдіктері арасында ғана емес, барлық мемлекеттік органдар арасында дара шығып, алғашқы бестіктен көріну. Оған облыс әкімдігі мен қызметкерлерінің әлеуеті толық жеткілікті. Дегенмен, сараптама жұмыстары көрсеткендей, биыл былтырғы жартыжылдық нәтижелерінен бірқатар басқармалар қол үзіп қалған. Төмен нәтиже көрсетушілер арасында 2012 жылы жақсы қырларымен көзге түскен органдар да бар. Облыс Әкімі аппаратының басшысы жуырда тағайындалған аудан әкімдеріне аппарат қызметкерлерімен бірге әкімдік қызметінің тиімділігін арттырудың байыбына барып, оны жетілдіруге күш салу керектігін атап көрсетті. Өйткені, «А» және «В» корпустарының талаптары арқылы аудан әкімдері мен басқарма басшылары қызметінің тиімділігі жыл сайын жеке-жеке қаралады. Бұл – облыс әкімдігі қызметінің тиімділігін бағалауға да үлкен ықпал етеді.

Облыс Әкімі аппараты басшысының орынбасары Баян Закирьянова өңірдегі 19 аймақтың арасында 2012 жылы өте төмен көрсеткіштерімен көзге түскен алты өңірді ерекше атап өтті. Олар: Бесқарағай, Аягөз, Глубокое, Бородулиха аудандары мен Семей және Риддер қалалары. Аталған өңірлердің басшыларымен онлайн жүйесі арқылы байланысқа шыққан Ержан Жылқыбаев бұдан қорытынды шығару керектігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімдігі қызметінің тиімділігі 75,83 балды (барлық мемлекеттік органдар арасындағы жалпы рейтингте 11 орын) құрады. Осылайша, облыс бағалау жүргізілген соңғы үш жылда орташа тиімділік деңгейіне тұңғыш рет қол жеткізді. Жергілікті атқарушы органдар арасында алғашқы орынға табан тіреуі де үлкен жетістік. Мұны биыл да сақтап қалу қажет. Облыстағы мемлекеттік органдардың жалпы ахуалына оң әсер етіп отырған негізгі төрт бағытты атап өтпеске болмайды. Бұл – стратегиялық жоспарлау, қызметкерлерді басқару, атқарушылық тәртіп және құқықтық қамтамасыз ету бағыттары.

Өңірдің жалпы тиімділік деңгейіне қолайсыз әсер етіп отырған бағыттар қатарында бюджеттік қаржыны басқару, ақпараттық технологияларды қолдану, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының төмендігін атауға болады. Өткен жылы бюджеттік қаржыны басқару жүйесі бойынша 63,90 балға ғана ие болған облыста әр үшінші нысанның тапсырылуы белгіленген мерзімінен кешіккен болатын. Жоспарланған 144 нысанның 45-і пайдалануға уақытынан кешіктіріліп берілді. Бұл ретте Ержан Жылқыбаев жауапкершілігі төмен мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алып, облыстық құрылыс басқармасына осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс үйлестіруді тапсырды.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша 40 мемлекеттік орган арасында әкімдіктің рейтингі 14 пункт бо-йынша төмендеген және 21-орында тұр. Бұл бағыттағы қызмет көрсету тиімділігінің төменгі деңгейі қатарынан екінші жыл қайталанып отыр. Атап айтқанда, жер қатынастары, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда облыс әкімдігі 77 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.

Әкімдіктің интернет-ресурсына оның 95,9 пайызы, сондай-ақ, электронды қызметтің 20 регламенті және электронды қызметті қолданушыларға арналған 20 нұсқаулық орналастырылған.

Облыс Әкімі аппаратының басшысы «электронды үкімет» порталында уақыты өтіп кеткен құжаттар саны жағынан көш бастаған Аягөз бен Үржар аудандарының жаңадан тағайындалған әкімдеріне шаруашылықпен бірге құжатқа да ықтиятты болуды тапсырды. Семей мен Өскеменнің облыстағы ірі қалалар ретінде көштен қалуға болмайтындығын, керісінше өзгелерге үлгі болуы қажеттігін жеткізді.

Жиында облыстық әкімдіктің ұйымдастыру-инспекторлық қадағалау бөлімінің сектор меңгерушісі Динара Исанова, мамандар жұмысы және марапаттау бөлімінің меңгерушісі Нұржамал Баженова, ақпараттық технология және мемлекеттік қызмет мониторингі бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Әшімов, заң бөлімінің меңгерушісі Марина Попова, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Ұлақова, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Лязиза Кенжетаева мемлекеттік құрылымдардағы қызмет тиімділігін арттыру бағытында жіберілген кемшіліктер мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Кеңес соңында барлық көрсеткіштер жазылған слайдтар аудан мен қала әкімдеріне жолданатындығын жеткізген облыс Әкімі аппаратының басшысы Ержан Жылқыбаев 1-тамызға дейін мамандардың жұмысын жолға қоюды, мемлекеттік құрылымдардың қызметін қайта пысықтауды тапсырды.

Думан Анаш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив