Семейде қазақ футболының 100 жылдығына орай «Былғары доп» турнирі өтті. Жарысты еліміздің футбол федерациясы, Білім және ғылым министрлігі жанындағы денешынықтырудың ғылыми-тәжірибелік орталығы мен «Coca-Cola» компаниясы ұйымдастырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жарысқа республиканың әр өңірінен оза шапқан 360 бала қатысты. Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы облысының футболшылары, екінші орынды Павлодар, ал үшінші орынды Астана қаласының командалары иеленді. Оларға спорттық жабдықтар сатып алу үшін ақшалай сертификаттар, кубоктар мен медальдар табыс етілді. Үздік шыққандарға арнайы жүлделер берілді.
Матчты тамашалауға келген қала әкімі Айбек Кәрімов жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар тапсырды. Ал турнирдің жабылуына қатысқан атақты футболшы Руслан Балтиев балғын футболшылардың шеберлігіне «бес» деген баға берді.