Облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы жөнінде кең көлемді есеп берді.
Сонымен қатар, отырыста депутаттар бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның да есебін тыңдап, әр түрлі он бес мәселе бойынша шешім шығарды.
Облыс әкімі есебінде осы жылдың өткен бес айындағы өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де маңызды салалары бойынша көрсеткіштерге кеңінен тоқталды. Жалпы, 2013 жылдың алғашқы бес айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы шамадан және орташа республикалық деңгейден жоғары болып отыр. Яғни, облыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканың даму қарқынын төмендетпеу жөніндегі тапсырмасын лайықты орындап келеді деп айтуға болады.
– Әлемдегі дағдарысқа және өнімге деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан өңірдің негізгі саласы – өндірісте ілгерілеу бар. Облыс кәсіпорындарындағы қазақстандық үлестің көлемі 44,2 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға өсіп отыр. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басты міндеттердің бірі елімізді индустриалды-инновациялық тұрғыда дамыту екені белгілі. Осыған орай «Идустрияландыру картасына» біздің өңірден 631 миллиард теңгенің 53 жобасы енгізілген. Бүгінге дейін 29 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 170 миллиард теңгенің тауарлы өнімі алынған, 5 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылған, қазынаға шамамен 12 миллиард теңгенің салығы түскен. Бүгінге дейін 11 жоба толық қуатына көшіп отыр. Бұл – еліміз бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі. Өзге жобалар өз қуаттарының 80-90 пайызында жұмыс істеуде, – деді облыс әкімі баяндамасында.
Облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында мәслихат депутаттары аймақ басшысының қызметі еліміздің заңдары мен Елбасы тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Есепті баяндамасынан соң аймақ басшысы халық қалаулыларының сауалдарына жауап берді. Мәселен, депутат Марат Құрманбай Семей қаласындағы Ертіс өзенінен өтетін темір көпір қауіпті жағдайда тұрғанын алға тартты.
– Ол көпірдің жағдайын біз жақсы білеміз. Жаңа көпір салу үшін қомақты қаржы қажет, оны республикадан сұрап отырмыз, бұл мәселе біздің бақылауда, – деп жауап берді облыс әкімі.
Сонымен қатар, депутаттар Өскемендегі хоспис мәселесін қозғап, Семейде қазақша күрес орталығын ашу туралы ұсыныс білдірді. Аймақ басшысы аталмыш бағытта тиісті сала жетекшілеріне тапсырмалар берілетінін жеткізді.