С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да өткен «Жасыл энергетика мен өнімді тереңдетіп қайта өңдеуді дамытуға негізделген инновациялық технологиялар мен зерттеулер» тақырыбындағы халықаралық семинардың өзегі баламалы энергия алудың жолдарын іздестіруге арналды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен қатар Ресей мен Түркиядағы жоғарғы оқу орындарының, ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары да қатысқан семинар барысында «Қазақстанда балама энергетиканы дамытудың болашағы», «Ғылыми жұмыстарды қолдану тәжірибесі», «Қазақстандағы химиялық қауіп-сіздік: өзекті мәселелер мен оларды шешудің жолдары» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Алқалы жиынды ашқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры Әлібек Қуандықов жел мен судан, күннен қуат көзін алудың алғашқы қадамдары біздің өңірде сәтті жүзеге асырыла бастағанын, еліміздің отын-энергетика кешеніне табиғат тартуын толықтай пайдаланып, ел игілігіне жарату үшін алда талай қыруар жұмыс күтіп тұрғанын, халықаралық семинардың сол мақсатқа жетудің мүмкіндіктерін бірлесе қарастырып, іске асыру үшін ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті талдамалық жұмыс басқармасының бас сарапшысы Нұрбибі Машанованың айтуынша, оқу орындарындағы түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарына бөлініп отырған қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Өткен жылы оларға 46,6 млрд. теңге бөлінген.
Әйтсе де бюджеттен бөлінген қаражат «Жасыл энергетиканың» елімізде бұрын-соңды болмаған, жаңадан жасалып жатқан көздерін құруға, шығаруға жұғым құрлы болмауда.
– Біздің елде жоба да, жоспар да бар, өзгелермен бірлесіп жасалып жатқан істер де көп. Бұл жердегі кедергі болып тұрған басты жәйт ғалымдар мен инженерлердің ойлап, жасап шығарған қуат көздері нысандарының көптеп өндірілмей отыруында, олардың тәжірибелік тобының шығарылмай жатуында болып отыр, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Хайролла Байшағыров. – Жасалған дүние тәжірибеге енгізілмесе, ешкім нәтижесін көзбен көрмесе, «Жасыл энергетикаға» жете алмаймыз. Соңғы нәтижеге жету үшін үлкен қаражат керек. Елімізде баламалы энергия көзінің нарығы мүлде жоқ. Ауылдағы ел бүгінде энергияны толық пайдалана алмай отыр. Дөңгелек үстел қорытындысында біз еліміздің Білім және ғылым министрлігіне осы «Жасыл энергетика» мәселесінің бәрін жеке, дербес реттеп шешетін энергетика комитетін немесе энергетика министрлігін құру туралы ұсыныс жолдадық.
Семинарға қатысқан «Невада – Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысы президентінің орынбасары Сұлтан Картоев, Ресейдегі металдардың жоғары пластикалы-лығы мәселесі институтының директоры Радик Мулюков, тағы басқалар атомды бейбіт мақсатқа пайдалану, «Жасыл энергетиканы» дамыту, баламалы энергия көзін алудың оңтайлы тәсілдері мен жобалары, оларды жүзеге асыруды жетілдіру туралы ойларын ортаға салды.
Жанаргүл Мұқатай