Өскемендегі «Алтай» технопаркінде энергияның баламалы көздерін пайдаланудың жаңа әзірлемелері мен
технологиялары, өзге де инновациялық технологиялар бойынша шаралар дайындап, жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Оған Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Ұлттық ядролық орталығының ғалымдары мен мамандары жиналды.
Кеңесте Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Нұрлан Темірбеков, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Әлібек Қуандықов, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ҰУ ғылыми зерттеу жұмыстары жөніндегі проректоры Жұматай Оразбаев, осы университеттің инновациялық паркінің директоры Владимир Ким, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми технологиялық паркінің директоры Сайран Баяндинова, өзге де ғалымдар ЖОО қабырғаларында қолға алынып жатқан ғылыми жұмыстары турасында баяндады.
Еуразиялық университеттің инновациялық паркі директорының айтуынша, мұндағы жобалардың дені республика аймақтарындағы индустрия саласының өзекті мәселелерін шешу бағытында жасалатын көрінеді. Парк ғалымдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша жүзеге асыруға болатындай бес- алты жоба жасапты. Олардың ішінде бюджеттік мекемелердегі энергоменеджмент жүйесін дамыту, орман өнеркәсібі шаруашылықтары көп орналасқан Бесқарағай ауданында ағаш қалдықтарынан жартылай кокс, шақпақтар шығару өндірісі, облыстағы демалыс базаларына арнап катамарандар шығару, қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді жолмен өңдеу сияқты жобалар бар.
Облыс әкімі басқарма басшыларына аталмыш инновациялық парктің жобаларын зерттеп, зерделеу жөнінде тапсырма беріп, Өскемендегі технопарк пен ШҚМТУ басшыларына олардың осы тәжірибесінен үлгі алуды меңзеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев кеңесте ғалымдар тарапынан ұсынылған баламалы электр энергиясы көздерін құру жобаларын өңірде жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді. Қазіргі күні облыста жылу сорғыларын өндіріске енгізуде бірқатар мәсе-лелер туындап отыр. Ол – жерасты суын пайдалануға алдын ала екі жыл көлемінде мониторинг жүргізу қажеттігі. Ауызсу үшін белгіле-ген осындай ұзақ мерзім техникалық бағытта пайдаланылатын суға да бекітілген екен. Мониторинг жүргізу уақытының ұзақтығы жылу сорғыларын орнату мерзімін кешеуілдетіп, тұтынушылардың одан бас тартуына әкеліп соғып отыр. Басқарма басшысының айтқанындай, аталған мәселені Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі деңгейінде шешу жолдары қарастырылуда екен.
Кеңесті қорытындылаған аймақ басшысы өзінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевқа екі аптаның ішінде сараптамалық топ құрып, әр ұсынысты облыстағы ғалымдармен, мамандармен бірлесе зерттеп, тиісті шешім шығаруды тапсырды. Шағын «ЕХРО-ны» келер жылы мамыр айында өткізу жоспарланып отыр.
– Қазіргі күні біз «Ғылым қалашығы туралы» Заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Ұсынысымызды Президентке айттық, қолдады. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық негізінде ғылым қалашығын құруды ұйғарып отырмыз. Орталықта бұрынғы барлық ғылыми жетістіктер, ядролық технологиялар паркі, өзге де құрылымдар сол қалпында сақталған, оларды әрі қарай жетілдіріп, қаланы ғылым қалашығына айналдырмақпыз. Ресейде «Ғылым қалашығы туралы» Заң бар. Ғылым қалашықтары да бар. Осы орайда өздеріңізден «Ғылым қалашығы туралы» Заңды шығаруға атсалысуларыңызды сұраймын, – деп облыс әкімі кеңеске қатысушы ғалымдарды бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.
Жанаргүл Мұқатай