Бүгін Атырауда «Ақ Жайық kz» әдеби-көркем, қоғамдық саяси журналының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі 24kz телеарнасына сілтеме жасап.
Жалпы мұндай басылымдар еліміздің басқа облыстарында да шығарылады. Мәселен, шығыстағы «Абай», жетісудағы «Мұқағали», арқадағы «Жаңа Сарыарқа» секілді журналдар еліміздің өлке тарихы, ұлы тұлғалары, мәдени-рухани өмірі жайынан мол мағлұмат береді.
Қазірге 3 мың данамен жарық көрген «Ақ Жайық kz» журналы да атына сәйкес батыс облыстарын қамтуды көздеп отыр. Әр жанрдағы үздік шығарма авторларына жыл аяғында 300 мыңнан 1 млн. теңгеге дейін жүлде берілмек. Сонымен қатар журналдың әр санына тарихи тұлғалардың өмірі туралы деректі фильмдердің дискісі қосымша тігіледі.
"Біздің тарихи жәдігерлеріміз бен тарихи арыстарымыздың өмірімен таныссын деген мақсатпен шығарып отырмыз. Сонымен қатар бұл журналға жарияланған үздік шығармалар: романға, повестке, өлең, поэмаларға және әңгіме, сыни материалдарға әрқайсысына бөлек-бөлек алды 1 млн. теңгеден бәйге жарияладық"-, дейді «Ақ Жайық kz» журналының бас редакторы Рахымжан Отарбаев.