KZ
Өскемен
-2°
плотный туман жел 2 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Халықты толғандыратын 52 тақырып бар

2.06.2013, 18:00 304


Облыстық «Рудный Алтай» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Өскемендегі «Алтай» технопаркінде «Қазіргі журналистиканың басты бағыттары» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Дөңгелек үстелді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жүргізіп отырды. Алқалы жиынға еліміздегі Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ президенті Жанай Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Алматы бюросының мең-
герушісі Валерий Жандәулетов, республикалық қоғамдық-саяси «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат сынды журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен мәртебелі меймандардың қатысуы шараның мәні мен маңызын тіпті арттыра түсті.

Баспасөз тарихының білгірі, көрнекті ғалым Сағымбай Қозыбаев еліміздегі мерзімді БАҚ-тың құрылуы мен
дамуы жайында сөз қозғаса, Валерий Жандәулетов «Билік пен қоғам арасындағы қатынастарды сенімді құруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

«Кейде біз бар жақсы Батыста деп ойлаймыз. Осы бір шетелге көзсіз еліктеуді, шетелдік журналистерді көшіруді қою керек. Біздің өз жеріміз, өз Отанымыз бар. Біздің журналистердің өзінің тәжірибесі өте бай» деген Сағымбай Қозыбаев өз баяндамасында Шығыс Қазақстаннан шыққан талантты журналистер жайында қызықты деректерді алға тартты.

Ал Валерий Жандәулетов кез келген бұқаралық ақпарат құралдары әр адамның жанына жақын жалпы адами тақырыптарды қозғауы тиіс деп санайтынын айтты. Мұндай басылымдарға оқырмандардың сенімі де арта түседі. Сонымен қатар ол өзінің баяндамасында талдамалы материалдарды үзбей жариялаудың қажеттігін, ақпаратты жылдам берудің қаншалықты маңызды екендігіне де тоқталды.

– Мемлекеттік ақпарат құралдары халықты толғандыратын мәселелерге сыни тұрғыдан қарауы тиіс, – деп санайды «Казахстанская правда» республикалық газетінің президенті Жанай Омаров. Осы орайда «Казахстанская правда» газетінің тәжірибесі қандай? Оның айтуынша, өткен жылы «Казахстанская правда» газетінің бастамасымен халықты толғандыратын негізгі тақырыптардың тізімі жасалған екен. Тізімдегі 52 тақырып депутаттарды да жиі мазалайтын көрінеді. Жанай Омаров осы арада журналистердің депутаттармен тізе қосып, бірге жұмыс істеуі газеттің құндылығын арттыратын тағы бір арна екендігін де жеткізді. Газет қарапайым халық пен билік арасындағы көпір екендігін әсте естен шығармауымыз керек.

Ал «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат әріптестік шеңберінде ақпарат алмасуды ұйымдастыру, билік пен БАҚ арасындағы өзара байланыс, баспасөз бетінде пікірсайысты ұйымдастыру төңірегінде мазмұнды әңгіме айтты.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында баяндамашылар аудандық, қалалық газеттердің редакторлары, журналистер қойған сауалдарға да тұщымды жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив