KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Қабырғасы қақырай бастаған жаңа мектеп (+сурет)

18.03.2013, 18:00 195


Бұл күнде Катонқарағай ауданындағы Аққайнар ауылын мұқым республика жұрты ақпарат құралдары арқылы әбден таныды. Ел шетінде жатқан шағын елді мекеннің аса танымалдығына сол жерде пенопластан мектеп тұрғызып, «өнертапқыштық қабілетімен» көзге іліккен «ЛИК» компаниясының директоры Константин Липперттің «сіңірген еңбегі» ерекше. Ол аздай Липперт мырза Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аяқ астынан аштық жариялап, өзінің «тапқыр» екенін тағы бір байқатты.

Компания басшысының бұлай шала бүлінуінің астарында үлкен есеп бар. Ол – жауапкершіліктен басын ала қашу. Иә, дәл солай. Құрдымға кеткен құрылыс жұмыстары үшін берілетін лайықты жазадан құтылудың жолы бұл. Мұндайды атам қазақ «сасқан үйрек артымен сүңгиді» немесе «сезікті бұрын секіреді» деп тәмсілдейді. Алайда, атышулы істі ашығумен жылы жауып қойғысы келген Константин Липперттің сасық қулығына басқалар алдана қоймасы анық. Сонымен оқырманға түсінікті болу үшін басынан бастасақ...
2011 жылдың күзінде Аққайнар ауылында 180 орындық орта мектептің құрылысы басталған-ды. Әлеуметтік нысанды салып беру міндетін «ЛИК» компаниясы өз мойнына алған. Оған қазынадан қыруар қаржы бөлінген. Білім ошағы келісілген жоспарға сәйкес 2012 жылдың сәуір айында қолданысқа берілуі тиіс еді. Өкінішке қарай, мердігер мекеме жаңа ғимаратты межелі мерзімде пайдалануға өткізгені былай тұрыпты, құрылыс кезінде жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген талаптарды орындамаған. Мәселен, бекітілген жобалық құжаттарда мектептің қабырғасы қызыл кірпіштен қалануы тиіс болса, «ЛИК» компаниясы оны кәдімгі пенопласт араласқан сапасыз материалмен алмастырып «жаңалық» ашқан. Бірақ Константин Липперттің құрылыс саласында аш-қан «жаңалығын» Аққайнарға былтыр жазда арнайы ат басын бұрғанда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатты сынға алып, кемшіліктерді дер кезінде жоюға тапсырма берген-ді.
– Бұл салып жатқандарың не сұмдық, мектеп пе, әлде қора ма? Нысанды қолданысқа беретін уақыттан кешіккенмен қоймай, авторлық жобаға сәйкес келмейтін материалдарды пайдаланып жатырсыздар. Тендерді ұтып алғандағы істеген жұмыстарыңыз осы ма? Сәуірде аяқталуы тиіс нысанның әлі бірінші қабаты да бітпеген. Техникалық және авторлық қадағалау қайда қарап отыр? Барлық қадағалау органдары құрылысты жедел тексеруден өткізсін. Мемлекет қаржысының мақсатсыз шығындалуына жол бермейміз, – деп аймақ басшысы шегелеп тұрып айтқан.
Қабырғасы қақырай бастаған жаңа мектеп (+сурет)
Қабырғасы қақырай бастаған жаңа мектеп (+сурет)
Қабырғасы қақырай бастаған жаңа мектеп (+сурет)
Қабырғасы қақырай бастаған жаңа мектеп (+сурет)
Қабырғасы қақырай бастаған жаңа мектеп (+сурет)

Төбесінен тамшы сорғалап тұр


Сол кезде аймақ басшысы қолымен ұстап көргенде үгітіліп жатқан пенопласт материалдан бір емес екі қабаттан тұратын ғимарат салу онда оқитын оқушылар мен қызмет істейтін ұстаздардың өміріне қаншалықты қауіпті екенін сала мамандары түгілі ауылдағы жұрттың бәрі айтқызбай-ақ түсініп отыр. Бұған қоса Алтай тауларында анда-санда оянып қоятын жерасты дүмпулері мен қары қалың, қысы ұзақ табиғат жағдайын ескерсек, «қағаз» қабырғалардың қауқар таныта алмай қақырап сала беретіні тағы рас. Өйткені былтыр қара күзде аяқталған жаңа мектептің қабырғалары бір жылға жетпей қаусап жатыр. Дұрысы, қабырғаларда жарықшақтар пайда болған.

– Жұмыс комиссиясының қорытындысы бойынша көп кемшілік анықталды. Мердігер мекемеге осы кемшіліктер жіберілді. Сол себепті олар жойылмайынша нысан қабылданды деп саналмайды. Сонымен қоса мектептің қабырғаларындағы жарықшақтардың шеттеріне бақылау құрылғылары қойылып, өзгеру динамикасы анықталуда. Бұдан шығатын нәтижеге сәйкес ары қарай тиісті іс-әрекеттер жалғасады, – дейді облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Сырым Дүсіпов.

Ал табан астынан «тың идеяларды» таба қоятын Константин Липперт болса, компанияның жіберген қателіктерін түзеткеннің орнына мемлекеттік комиссияның заңды шешіміне наразылық білдіріп, аштық жариялауға көшкен. Ондағысы – қандай жолмен болмасын жаңа нысанды қолданысқа беріп құтылу. Мамандар оның бұл әрекетін орынсыз деп бағалауда. Өйткені, құрылыс барысында орын алған олқылықтар көзге ұрып тұр. Мәселен, пенопласт қабырғаларын айтпағанда, ғимараттың сыртқы қабаты керамикалық тақталармен толық қапталып бітпеген. Металл жабындардың бір шеті желмен ұшып кетсе, қалғандары алқам-салқам күйде. Жертөлесі де жетісіп тұрған жоқ. Айналасы қоқыс пен құрылыс материалдарының қалдықтарына толған мектептің іргетасына қарай еңіс болғандықтан, еріген қар суы жиналуда. Мұның бетін тезірек қайтармаса, ертең-ақ іргетасты су тесіп шыға келеді. Осындай толып жатқан кем-кетіктерді қаперіне ілмеген Липперттің аштық жариялап қорқытқысы келген жөнсіз қарекеті көпшілікке жаға ұстатты.

– Құрылысы толық аяқталмаған, мемлекеттік тексеруден өтпеген ғимаратты мен қалай қабылдаймын? Мердігер мекеме кемшіліктерді жоймайынша оны қалай мойныма аламын? – деп шырылдаған Аққайнар орта мектебінің директоры Рахметолда Өскембаев жалпы құрылыс жұмыстарының әу бастан дұрыс жүргізілмегенін айтты.

Директордың сөзіне сенсек, 2011 жылдың қазанында қазығы қағылуы тиіс білім ұясының құрылысы бір ай кешігіп басталған. Бірақ іс ұзаққа созылмай қар жауып, аяз қысқан соң жұмыс тоқтаған. Келесі жылы да «ЛИК»-тің қимылы ширамады. Қысқасы, мердігер мекеме өз міндетін өткен жылдың қара күзінде ғана аяқтады. Онда да жарым-жартылай және сапасыз.

Екі жақтың теке-тіресі әлі жалғасып жатқанда аққайнарлық оқушылар ағымдағы оқу жылының үшінші тоқсанын тозығы жеткен ескі ағаш мектепте тәмамдады. Амалдың жоқтығынан әрине. Әйтпесе, бюджеттің миллиондаған қаржысын шығындап салған жаңа ғимаратқа жайғасатын еді ғой ауыл балалары.

Құрылыстың қалай жүргізілгенін көзімен көрген жергілікті жұртшылық балаларын жаңа мектепке беруден қауіптенеді.
– Менің үш балам мектепте оқиды. Жел соққанда жаңа ғимараттың сыртын қаптаған материалдар далаға ұшып кетті. Ол темір қаңылтырлар балалардың басына түсіп, жазым ете ме деп қорқамыз, – дейді ауыл тұрғыны Шынар Жұрынтаева.

Мектептің іші жиһаздармен жабдықталып, жаңадан парта-тақталар қойылғанмен төбеден аққан тамшының сарғайған іздері мен қабырғаларына түскен жарықшақтар әлі күнге дейін неліктен нысанның қабылданбай келгенінен, мамандардың не себепті алаңдайтынынан белгі беріп тұр. Ендеше одан әрі сөз қозғаудың да қажеті жоқ.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив