KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 2 м/с, З
443.35 475.54 4.82

Алған міндеттемелерін орындамайтын құрылыс компаниялары сотқа тартылуы мүмкін

7.08.2013, 18:00 113


Шығыс Қазақстан облысында мойнына алған міндеттемелерін орындамайтын құрылыс компанияларына тықыр таянды. Өңір басшысы құрылысы сиырқұйымшақтанып, созылып кеткен Күршім мен Үржар аудандарындағы мектептердің бой көтеруіне жауапты мердігер мекемелерді сот арқылы жауапқа тартып, желге ұшқан бюджет ақшасын өндіріп алуды тапсырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


– Биыл құрылысқа 55 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл аз ақша емес. Құрылыс компаниялары әбден жүгенсіз кеткен. Нысанды салуға бөлінген мемлекет қаржысын өздерінің жеке мақсаттарына жұмсап қойып, артынан жұмыстары жүрмей жатады. Мұны неге бақылаушы орындар қадағаламайды? Авторлық, техникалық қадағалау өкілдері қайда қарап жүреді? – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жобалық-сметалық құжаттамаларды жасаушы мамандар жергілікті жердің жағдайын ескермейтінін де қатаң сынға алды.

Аймақ басшысының айтуынша, тұрғындарының саны аз шағын ғана ауылға апарып даңғарадай дәрігерлік амбулатория немесе мектеп салып қояды. Мәселен, Катонқарағай ауданындағы бар-жоғы мыңның үстінде адам тұратын Аққайнар ауылында үш мыңға жуық адамды қамтуға мүмкіндігі бар отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынуда.Күршім ауданының Қаратоғай елді мекенінде жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория ауданның орталығында жоқ заманауи медициналық аппаратпен жабдықталыпты. Бірақ сол аппарат тілін білетін дәрігер шалғайдағы Қаратоғайда жоқ. Мінеки, осындай бұлтартпас мысалдарды алға тарта отырып сөйлеген өңір басшысы орын алған келеңсіздіктерге ең әуелі тапсырыс беруші мен жобаны жасаушы кінәлі екенін айтты.

– Кез келген нысанның құрылысын жүргізер алдында жергілікті жердің жағдайын, оның тиімділігі мен сұранысқа қаншалықты ие екенін анықтап алған абзал.Мемлекет басшысының да берген тапсырмасы осы, қазына қаржысын босқа шығындамай, бейберекет ғимараттар салуды тоқтату керек. Кішкентай ауылға үлкен амбулатория тұрғызғанша, сол қаржыға екі елді мекенге екі шағын ғана медициналық мекеме салып берсе, тиімділік деген осы емес пе, – деп істің жөнін айтты аймақ басшысы.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив