Өскемен қаласында ядролық отын банкі салынбайтын болды. Оған Шығыс Қазақстанның сейсмологиялық тұрақсыз аймаққа жататыны себепші болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі экологиялық қауіпсіздік орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жыл көлемінде тұрғындар Үлбі металлургия зауытының аумағында МАГАТЭ басшылығымен ядролық отын банкі салынатыны туралы даурығып келген. Облыс орталығында ядролық отынның қоймасы болатыны өскемендіктердің қарсылығын тудырған болатын.
«Экологиялық қауіпсіздік орталығының» директоры Геннадий Корешковтың айтуынша, біріншіден, Үлбі металлургия зауыты ядролық отынды сақтау алаңын кеңейтуге қарсы болыпты. Екіншіден, халықаралық стандарттар бойынша Ядролық отын банкін сейсмологиялық тұрақсыз аймақтарға салуға рұхсат етілмейді. Ал Шығыс Қазақстан облысы осындай өңірге жатады.