Семей қаласында суық судың бағасы 2012 жылдың 1-қарашасында бекітілген болатын. Соған қарамастан «Семейводоканал» кәсіпорны тарифті тағы көтеру туралы мәселе көтерді. Баға бірден 2 есеге өсуі мүмкін, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
-Біз тарифті 105%-ға көтеруді талап етеміз, - дейді «Семейводоканал» кәсіпорнының директоры Еркен Сағандықов. – Тұрғындардың тарифі 115% өсетін болады, ал орташа босату тарифі 105%-ға артады. Мұның бәрі «Семейводоканал» кәсіпорнының шығынсыз кәсіпорынға айналуы үшін жасалады. Егер 2006 жылға сараптама жасасақ, коммуналды кәсіпорындар 6 жыл бойы негізгі қызметінен ешқандай пайда көрмепті. 2006 жылы біздің шығындарымыз 12 млн. теңге болса, 2012 жылы негізгі қызмет түрінен 41 млн. теңге зиян шегіппіз. Басқа қызмет түрлерімен айналысып, 60 млн. теңге таптық, ал шығындарымыз 14 млн.теңге шамасында.
Суық судың бағасын көтеру мәселесі 20-ақпанда қоғамдық тыңдауда талқыланатын болды. Бұл жерде кәсіпорын басшылығы баға сметасының әр бабын дәйектермен дәлелдеуі керек. Егер кәсіпорын қоғамдық тыңдаушылардың көздерін жеткізе алса, онда жаңа баға мамыр айынан бастап енгізіледі.
Раушан Мусина
Мәлімет көзі: Altaynews.kz