KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1,4 м/с, С
439.43 473.31 4.82

Ұлылар елі ұлағатты істі қолға алды

16.11.2012, 18:00 157


Абай ауданының орталығы Қарауылда белгілі тұлға Жәнібек Кәрменовке ескерткіш бюсттің орнатылып, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ашылып, «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 40 жылдық мерейтойының өткізілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Кеше жұмыс сапарымен Абай ауданына ат басын бұрған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осынау қуанышты сәттерді жергілікті жұртшылықпен бірге бөлісті. Облыс әкімдігінің кезекті көшпелі мәжілісі де осында өтті.

Көкбай ақынның ауылы – Абай ауданындағы үш тірек елді мекенінің бірі. Тірек елді мекенін дамыту бағдарламасы аясында бұған 36 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Бүгінде мұның 7,5 миллион теңгесіне алты жоба (бесеуі мал шаруашылығы бағытында, біреуі тойхана ашуға) қолға алынған. Одан бөлек 13 миллион теңге жол жөндеуге, 7 миллион теңгеден астам қаржы көшелерді жарықтандыруға, 22 миллион теңгесі ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылыпты. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне ауылдық көркемөнерпаздардың концерті ұсынылып, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі көрсетілді. Сол сияқты қонақтар жаңадан салынған демалыс саябағын аралап, ондағы Көкбай Жанатайұлынан бастап Абай өңірінің танымал тұлғаларына қойылған ескерткіш тақтамен танысты. Ауыл ортасындағы 10 миллион теңгеге жасалған жасанды футбол алаңы да, ретке келтірілген көшелер де көз тартарлық тамаша. Әсіресе, меймандардың қызығушылығын оятқан Көкбай орта мектебі оқушыларының қолөнер бұйымдары болды. Аталған білім ошағының қабырғасында балалар керемет дүниелерді өмірге әкелуде. Ең бір айта кетерлігі, бұл қара шаңырақтың тәлімгерлері мектеп парталарын, шкафтар мен орындықтарды, тақталарды басқа да керек-жарақты өз күштерімен жасап алады екен. Артығын басқа сұраныс иелеріне сатып, тапсырыс та алатын көрінеді.

Көкбайда аудан-қалалардың басшылары сонымен бірге «Балауса» балабақшасын, интернат үйін аралап көрген соң ауданның орталығы Қарауылдағы бірқатар нысандарға бас сұқты. Атап айтсақ, Абай қызмет көрсету және дайындау орталығында, биыл ғана құрылған қазақ қойының қылшық жүнін алғашқы өңдеуден өткізетін «Дерикар» ЖШС комбинатында, «Серік» шаруа қожалығының базасындағы мал сою цехында және бордақылау алаңында болды. «Дерикар» серіктестігі жүн өңдеу комбинатын құны 300 мың доллар тұратын қытайлық қондырғымен жабдықтаған. Алдағы жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған кәсіпорын тәулігіне 6 тонна, ал жылына 3 мың тоннадай жүнді бірінші өңдеуден өткізіп, Қытайға сатпақшы. Келісім солай. Екі жақтың әріптестігі арқасында дүниеге келген жұмыс орны Абай ауданынан ғана емес, басқа іргелес өңірлерден де қойдың жүнін сатып алатын болады келешекте. Бүгін жүннің әр келісін 40 теңгеден сатып алуда, ал Қытайға жөнелтілетін өңделген тауардың бір келісі 1,6 АҚШ доллары тұрады. Серіктестік басшысы Тасболат Битеновтың айтуынша, мұндай кәсіпорын әзірге елімізде біреу ғана, ол – Жамбыл облысында жұмыс істейді. Енді екінші болып біздің Шығыста қосылмақ.

Ерсін Сармурзин жетекшілік ететін «Серік» шаруа қожалығы да қол қусырып отырған жоқ. Оның мал бордақылау алаңында қазір 100 бас ірі қара малы (60 жылқы, 40 сиыр) жемделуде. Сонымен бірге 300 бас қойды семіртуге мүмкіндік бар мұнда. Ал мал сою цехында тұрақты істейтін үш қасапшы тәулігіне 20 бас ірі қараны, 60 бас қой-ешкіні икемдеп береді. Шаруа қожалығының Қарауылда сойылған мал етін сататын арнайы сауда орындары бар, ол жерде күніне 150 келі ет пышақ үстінен саудаланып кетеді екен. Жалпы қазір қожалық құрамында 14 адам еңбек етсе, жұмысшылардың алатын айлық еңбекақылары 30-35 мың теңгенің төңірегінде. Ауыл жұрты үшін аз ақша емес, әрине. «Серіктің» базасында Абай ветеринарлық оқу-өндірістік дәрісханасы жұмыс істейді. Дәрісханада Абай колледжінің студенттеріне ветеринарлық сабақтар оқытылып, теориялық білімдерін іс-тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріледі.

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге аудан-қалалардың әкімдері қатысқан келесі бір салтанатты шара аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ашылуы. Облыстық бюджеттен бөлінген 48 миллион теңгенің үстіндегі ақшаға күрделі жөндеуден өткізілген мұражайда ауданның тарихына, табиғаты мен тұрмысына қатысты жәдігерлердің бәрі жинақталған.

– Бүгін лентасы қиылған біздің мұражайда екі мыңнан артық экспонат қойылған. Сонау палеолит дәуірінен бастап сақтар мен ежелгі темір дәуірлері, одан бертінгі тобықты елінің қоныстануы, 37-ші жылдардағы нәубет, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, Семей полигоны сияқты тарихи оқиғалар мен кезеңдерді қамти отырып этнографияны да, ұлылар елінің тұлғалары туралы шежірелерді де кеңінен ұсынуға тырыстық. Мәдениет пен спорт саласындағы өңірдің жетістіктері де осында, - дейді тарихи-өлкетану мұражайы директорының міндетін атқарушы Болат Кәрібаев.

Мұражайдағы көздің жауын аларлық көне ғасырлардан сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалап болғаннан кейін облыс Әкімі бастаған топ Қарауылдың қақ ортасынан орын тепкен Жәнібек Кәрменовке қойылған ескерткіш-бюсттің мерекелік ашылу рәсіміне қатысып, абайлықтар мен қонақтарды қуаныштарымен құттықтады.

– Ұлы Абай, Шәкерім, Мұхтар бабаларымыздың ізін жалғастырушы сіздердің жерлестеріңіз Жәнібек Кәрменовтай біртуар азаматқа өстіп ескерткіш орнатып жатқандарыңыз бұл мағынасы зор үлкен іс деп білемін. Біз әрдайым өнерге бас июіміз керек. Осындай өнерді жанына серік еткен, әйгілі Әміре Қашаубаев сияқты қазақтың әнін, өлеңін бүкіл әлемге танытқан Жәнібек ағамызды ардақтағанымыз келешек ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық рухта тәрбиелеуге айтарлықтай ықпал етері сөзсіз, - деп тілегін жеткізген өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ марқұм Жәнібек ағамыздың жұбайы Тоты ханыммен бірге ескерткіш-бюстті ашып, гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеп, әкесіне көрсетіліп жатқан құрметке көңілі толқып ағынан жарылған ұлы Шәкәрім Жәнібекұлы былай деді: – Бұл ескерткіш менің әкеме ғана тұрғызылған жоқ, бұл исі қазақтың дәстүрлі ән өнеріне қойылған белгі деп есептеймін. Бердібек Мәшбекұлы сіз мына тұрған ел-жұртты айтпағанда, мен үшін үлкен іс атқардыңыз. Мұндай тасмүсінді орнату арқылы сіз маған әкеммен тілдесуге мүмкіндік жасадыңыз, себепші болдыңыз. Әкем тіріліп келгендей қуанып тұрмын.

Өңіріміздің он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен Қарауылда өткен облыстық әкімдіктің көшпелі мәжілісінде кеңінен қаузалды. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Атап өтсек, тұрғын үй-коммуналды-шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын облыста іске асырудың барысы, 2009-2011 жылдардағы индустриалды-инновациялық даму жағдайы, ағымдағы жылдың он айындағы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және шағын қалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуы, жолаушылар тасымалы, биылғы жол құрылыс жұмыстарының нәтижелері мен алдағы қысқа дайындық жұмыстары, сондай-ақ Абай ауданының қазіргі міндеттерінің орындалуы және кешенді дамыту.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Алмас Оңдақанов баяндама жасады. Оның ақпаратына сүйенсек, 2012 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 812,5 миллион теңге, оның ішінде 312,5 миллион теңгесі бірінші механизм бойынша «Ертіс» ӘКК-ға берілсе, екінші механизм арқылы Өскеменге 300 миллион теңге, Семейге 200 миллион теңге бөлінген.

– Бірінші механизм бойынша 13 тұрғын үй бағдарламаға қатысып, мұның 11 үйінде жөндеу жұмыстары аяқталды, 5 нысанда әлі жалғасуда. Бұл бағытта бөлінген қаржының 86 миллион теңгесі немесе 27 пайызы игерілді. Жаратылмай қалып отырғаны 285,5 миллион теңге, - деп нақтылаған басқарма бастығы Алмас Оңдақанов бұл шаруаны ширатуға аудан-қалалардың әкімдері барлығы бірдей белсенділік танытпағанын жеткізді.
Мәселенки, Алмас Оңдақановтың айтуынша, 2011 және 2012 жылдары тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына Курчатов қаласы, Глубокое, Зайсан, Күршім, Көкпекті, Үржар, Жарма аудандары қатыспаған.

Баяндамашы сөз арасында аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын да тілге тиек етті. Оның сөзіне сенсек, БАҚ өкілдері жұмыстың «жаман жағын», яғни, сыни тұрғыда ғана материалдар жариялап, жұрттың назарын аударып отыр екен. Өз сөзінде Алмас мырза ақпарат құралдары терможаңғыртудың жақсы қырларын, жұмыстың жоғары сапасын жазулары керек деген кеңес айтты журналистер қауымына бағыштап. Алайда облыс Әкімі бұған мынадай жауап қайтарды: – Сіздердің міндеттеріңіз сол аталған сынға қатысты оң нәтиже шығару, кемшіліктерді түзету, олқылықтардың орнын толтыру. Неге міндеттеріңізді орындамайсыздар? Өскемен қаласы осы бағдарламаның республикада тұңғыш бастамашысы болып саналдық, сөйте тұра өзіміз дұрыс істей алмай жатырмыз!

Сонымен қоса аймақ басшысы «облыс бойынша қанша ақша қайту керек еді, соның қаншасы қайтты? Бюджет жобасында біздің облысқа келесі жылғы терможаңғыртуға ақша қарастырылған ба?» деген ауандағы сұрақтарды төтесінен қойды. Өкінішке қарай жауапты орындардың жауапсыздығы салдарынан 2013 жылы біздің өңірде аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға республика қазанынан көк тиын қаржы бөлінбек емес. Себебі, тиісті құжаттар алдын ала әзірленіп берілмеген.

Бұдан бөлек жөндеу жасалған тұрғын үйлердің иелерінен ақшаны қайтару жағы да ақсап тұрған жайы бар. Бірінші механизм бойынша («Ертіс» ӘКК) қарашаның басында 16,6 миллион теңгенің 1,2 миллионы ғана қайтқан немесе 7 пайызы. Екінші механизмде Өскемен тұрғындары 38,3 миллион теңге (73%), ал Семей қаласының жұртшылығы 10,6 миллион теңге (47%) қайтып берген.

– Ақшаны алғанды білгенде қайтаруды да ұмытпау керек. Ертеңгі күні мына қаражатты толық қайтармасақ бізге тағы да қаржыны қайтіп бөледі? «Алдымен өткен қаражатты қайтарыңыздар, сосын бірақ береміз» демей ме? Ақшаны жинақтау мәселесін неге дұрыстап қолға алмайсыздар? Жалпы тиісті басқарма дұрыс жұмыс істемей отыр. Аудан-қалалардың әкімдерімен тығыз байланыста әрекет етпейінше ештеңе өнбейді, - деп түйген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл бағытта ақшаны беруден басқа саусағын қимылдатпайтын «Ертіс» ӘКК-нің де қызметіне сын айтты.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтов 2009-2011 жылдардағы облыстың индустриалды-инновациялық дамуына тоқталды. Оның мәліметіне көз жүгіртсек, бүгінгі таңда индустриализациялау картасына бізден жалпы құны 612 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба еніпті, соның ішінде 2 жобасы (299 миллиард теңге) республикалық картаға қосылған. Ол – Ақтоғай тау-кен байыту кешенінің құрылысы мен «Азия Авто» АҚ-ның толық циклді көлік зауытының құрылысы.

Дей тұрғанмен облыс басшысы өз жанынан Өскемендегі индустриалды аймақтың, «Алтай» технопаркінің, Курчатов қаласындағы ядролық технологиялар паркінің тиімді жұмыс істемей жатқанын еске сала келе: – Қаншама қаржы шығындап салған индустриалды аймақтарды кәсіпкерлермен толтыруымыз керек. Сол сияқты анау «Алтай» технопаркінде де тек кездесулер мен жиындап өткізумен шектелмей ғылыми зерттеу амалдарын тереңдетіп, инновациялық үдерістің барлық кезеңдерін қамтамасыз ету үшін құрылған қажетті инфрақұрылымды дұрыс пайдалануға тырысайық, - деді.

Өз кезегінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская өткен он айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және шағын қалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы жайлы айтты.

Елена Ясинская келтірген мәліметтер бойынша ағымдағы он айда 771 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімін шығарыпты біздің облыс. Яғни, 13,1 пайызға өскен.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім өндіру көлемі 3,1 пайызға артса, негізгі капиталға инвестиция мөлшері 16 пайызға, тұрғын үйді қолданысқа беру 11,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 19,1 пайызға жоғарылаған. Осындай өсулермен бірге бағаның да өсімі аздап білінген. Мәселен, Өскеменде азық-түлік тауарларының 9 түрі, Семейде 4 түрі, Зырянда ауданында 3 түрі, Үржар ауданында 4 түрі, Шемонайха ауданында 4 түрі қымбаттаған.

– Бағаны ұстап тұруымыз қажет. Әсіресе, халық тұтынатын азық-түліктердің құны шарықтап кетпесін. Әкімдер мен жауапты орындар мұны қатаң бақылауда ұстасын. Тұрақтандыру қорының өнімдерін көбірек сатуымыз керек, - деді облыс Әкімі баға саясатына қатысты өз ойын білдірген кезде.

Ал, шағын қалаларға келсек, өңірдегі төрт қала – Риддер, Зырян, Серебрянка, Курчатовта экономиканы әртараптандыру бойынша міндеттерге қол жеткізу үшін 6 инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған. Олар: құрылыс материалдарының өндірісін ұйымдастыру; алтын және күміс өндіру фабрикасының құрылысы; жалпы қуаты 84 мВт Зырян, Быков, Богатырев СЭС-терінен тұратын гидроэнергетикалық кешен құрылысы; қонақ үй кешені, бассейні, пантымен емдеу орыны бар, атты және жаяу саяхат ұйымдастыратын спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы және басқалары. Бұл жобалардың жалпы құны 14,4 млрд. теңгені құрайды, іске асыру аясында 650 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Шағын қалалардың бірінші кезекті проблемаларын шешу үшін ағымдағы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 447,5 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде, Риддерге – 215,4 миллион теңге, Курчатовқа – 44,0 миллион теңге, Зырянға – 150,1 миллион теңге, Серебрянкаға – 37,95 миллион теңге.

Бұдан кейін сөз тізгінін алған облыстық қаржы басқармасының бастығы Серікқазы Оразалиев игерілмей жатқан қаржының жайын тағы бір қозғаса, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мақсұт Исахов өзі жетекшілік ететін саланың мән-жайын баяндап берді. Сонымен қатар Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ауданның биылғы міндеттерін орындау және кешенді дамыту жөнінде тарқатып айтты. Жиынды қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ игерілмей жатқан қаржы үшін жыл соңында барлық тиісті басқармалар мен аудандардың басшылары жауап беретінін қадап тұрып ескертті. Бұған қоса Әкім қыс маусымында өңірдегі барлық жолдар қар-мұздан тазартылып, қатынас үзілмеу керектігін, ал Абай ауданы мал басын көбейтуге күш салу керектігін жеткізді.

Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы аудандық мәдениет үйінде жаңа бағдарламада аталып өткен «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 40 жылдық мерекелік концертін тамашалады. Қасиетті Абай өңірінің аспанында ән әуелеткен осынау концертте Шыңғыстау ұлт аспаптар оркестрі төгілте күй орындаса, Қонысбек Байдашев, Баян Сағымбаева, Жәнібек Нұрахметов сынды күміс көмей әншілер әуезді үндерімен тыңдарман жүргені жол тапты. Кеште Жәнібек Кәрменовтың «Өмір толғауы» атты музыкалық туындысы да шырқалды.

Мерейтой иелерін құттықтап сонау Астанадан Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай арнайы хат жолдапты. Ал арнайы ат терлетіп келіп жүрекжарды тілегін білдірген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ болса «Қаламқас» ұжымына «Газель» автокөлігін сыйға тартты.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:
– Бұл жердің басқа жерлерден бір айырмашылығы, топырағы қасиетті, киелі. Сондықтан бұл жерден тектілер өсіп-өнеді, Абай елі – өнердің, ән-жырдың, өлеңнің өлкесі. «Қаламқастың» осы өңірде құрылуы да сондықтан. Бұдан қырық жыл бұрын қалада «Дос-Мұқасан» ансамблі құрылған болса, далада «Қаламқастай» тамаша халық ән-би ансамблі дүниеге келген. Содан бері ансамбль ел аумағында, тіпті, шет мемлекеттерде ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, қазақтың атын жалпақ әлемге танытып келді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын таба бермек, өнерлі жас буын ансамбльдің қатарын толықтырып ғұмырын ұзырта береді деген сенімдемін.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив