Өңірімізде дағдарысқа қарсы құрылған бағдарлама қарқынды түрде жүзеге асуда. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Азия Авто» акционерлік қоғамындағы осы бағытта атқарылып жатқан шаруалармен танысып, жұмысшылармен кездесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Бүгінде әлемдік деңгейдегі төрт бірдей брэндтің 17 түрлі үлгідегі жеңіл көліктерін құрастырып отырған зауыттың қоймалары жыл аяғына қарай тағы бір жаңа үлгімен толықпақ. Акционерлік қоғамның бірінші вице-президенті Ерік Сағымбаев келер жылы әлем нарығына әлі таныстырылмаған бірнеше үлгідегі автомобильдер құрастыруды бастайтындарын айтады.
Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнімдерін ішкі нарыққа көптеп өткізумен шектелмей, Ресей нарығын да жаулап алуды көздеп отыр. Оның айқын дәлелі - 2013 жылы аталған елге Chevrolret жол талғамайтын көліктерін сату жоспарлануда.
Бұл акционерлік қоғамның ресейлік «Автоваз» кәсіпорнымен бірлесе отырып, толық циклді автомобиль шығаруға көшуді бастап кеткені белгілі. Аталған жобалардың арқасында кәсіпорын болжанып отырған дағдарыстың қатерлеріне төтеп беріп қана қоймай, өзінің қуатын нығайта түспек.
Жаңадан салынған көліктер қоймасы мен тиеу алаңын, құрастыру бекетін аралаған аймақ басшысы зауыт ұжымымен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ асты.
- Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында үлкен кәсіпорындардың оған дайындығын байқап, жұмысшылардың жағдайымен танысып келеміз. Бұл - Елбасының тікелей тапсырмасы. Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, келешектегі жоспарларын білуге, ертең дағдарыс бола қалған жағдайда қалай әрекет етуге болатынын анықтау үшін арнайы келген едім. Жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу, еңбекақы мөлшерін төмендетпеу сынды әлеуметтік мәселелер әрдайым назарда болады. Жаңа ғана зауыттағы жаңа ашылған өндіріске қажетті орындармен танысып шықтық. Сіздердің зауыттарыңыздың әрбір оңды жобасын қолдап келгенімізді білесіздер. Әлі де қолдайтын боламыз, - деген облыс басшысы акционерлік қоғам басшылығы тарапынан жұмысшыларға қаншалықты жағдай жасалып отырғанын акционерлік қоғамның президенті Ержан Мәниевтің өз аузынан естігенді жөн көрді.
- 2012 жылдың он айындағы жағдайымыз жыл басында діттеген мақсатымызға нық басып келе жатқанымызды көрсетіп отыр. Жыл аяғына дейін 16 мың дана көлік құрастырып, 48 миллиард теңге көлемінде кіріс кіргіземіз деген жоспар орындалуға жақын. Осы өсу қарқынын келер жылы да сақтап қалуға мүмкіндік мол. Жыл аяғына дейін жұмысшылар санын 664 адамға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Келер жылы бұл көрсеткішті 846-ға жеткізбекпіз, - деген Ержан Мәндиев орташа еңбекақы мөлшері қазір 120 мың теңге көлемінде болса, келер жылы бұл көрсеткіш 140 мыңға жететінін тілге тиек етті. Зауыт қызметкерлерімен жасалған ұжымдық келісімшарт бұлжымастан орындалып отырған көрінеді. Жұмысшылардың ұжымдық мерекелері, табиғатқа саяхат, спорттық жарыстар, сауықтыру және демалыс шаралары ұйымдастырылып, емделу шығындарын, қосымша ақылы еңбек демалыстарын өтеу, мерейтоймен байланысты қосымша сыйақы тағайындау, кәсіпорын шығаратын көлікті пайызсыз несиеге беру мәселелері жолға қойылған. Мамандардың біліктілігіне баса мән беретін акционерлік қоғам жұмысшыларды оқытуға да ерекше мән береді. Ал өз мамандығы бойынша шетелмен байланысқа шыға алатындай деңгейде ағылшын тілін білетін мамандарға қосымша үстемақы төленетінін де айтты акционерлік қоғамның президенті.
Аймақ басшысы Ержан Мәндиевтен ай сайын төленетін 120 мың теңге еңбекақының сыртында әр жұмысшыға қанша көлемде әлеуметтік шығын жұмсалатынын сұрады. Оның айтуынша, жұмысшылардың тамақтануы 70 пайыз көлемінде жұмыс беруші тарапынан субсидияланады екен. Яғни, айына әр адамның тамақтануына кететін 15 мың теңге шығынның тек төрт мыңын ғана жұмысшы өз қалтасынан төлейді.
Сөзінің соңында биыл да, келер жылы да зауытта еңбекақының көлемі мен жұмыс орындарының санын қысқарту жоспарланбағанын айтқан кәсіпорын басшысы облыс Әкіміне өндірісті кеңейтуге қажетті жер телімдеріне қатысты туындап отырған мәселелерді шешуге ықпал етуін сұрады.
Бұдан кейін кезек жұмысшыларға берілді. Зауыт қызметкерлері тарапынан ешқандай шағым айтылмады. Осындағы кәсіподақ өкілдері соңғы жылда еңбекақы 25 пайызға өскенін, қызметтік автобустың ақысыз қызметі қарапайым жұмысшылар үшін елеулі қолдау болғанын жеткізді. Дағдылы өтіп тұратын әртүрлі спорттық жарыстар, ұжымдық кештер, боулинг турнирлері қызықты ұйымдастырылатынына ризашылық білдірді олар. Қызметкерлердің емделуіне кеткен шығынның 75 пайызы, олардың балаларының демалыс жолдамасының 50 пайызы зауыт есебінен төленетіні де айтылды.
Облыс Әкімінің қызметкерлерді баспанамен қамту жайы қалай шешіліп жатқаны жөніндегі сұрағына Ержан Мәндиев келешекте 1000 пәтерлік баспана салу жобасы бар екенін айтып, жауап берді. 105 орындық балабақшада мұндағы жұмысшылардың балалары мектепке дейінгі тәрбиемен сусындап отырса керек.
- Барлық жобаларыңыз, жұмысшыларды қолдауға қатысты шараларыңыз құптарлық. Ресей мен Қазақстан Президенті бірдей мақұлдаған тұтас циклді автозауыт құрылысының жобасына облыс тарапынан да барынша қолдау көрсетілмек. Зауыттың келешегі осындағы әрбір қызметкерге байланысты.
Сондай-ақ, шығарған өнімдеріңіз сапалы болу керек. Сапа болмаса, ертең оны сатып алушы да болмайтынын ескеру қажет, - деді өңір басшысы кездесу соңында.
Автомобильді құрастырумен шектелмей оны іс жүзінде сынайтын, бөлшектерді дәнекерлеп, құрастырылған көлікті бояумен айналысатын жаңа зауыт іске қосылған кезде төрт мың жұмыс орны ашылып, 62100 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Мұндағы еңбекақы көлемі 100 мың теңгеден кем болмайды деп күтілуде. Бұл зауыттың іске қосылуымен бірге жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар мен зауыт жұмысшыларына баспана да салынуы тиіс.
Аltaynews.kz