Бүгін түнгі кезекте жүрген тәртіп сақшылары Өскеменнің қақ ортасынан бұлан ұстап алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Боран» патрульдік экипажы Үлбі ауданын аралап жүрген-ді. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ маңында тәртіп сақшылары құжат тексеру үшін тоқтаған екен. Дәл осы кезде алдарынан кәдімгі бұлан шыға келген.
Студенттер қалашығы, Серікбаев көшесі маңында полиция қызметкерлері әлгі бұланды жарты сағат бойы қуалапты. Ақырында шаршап-шалдыққан бұлан Михаэлис көшесіне келіп, өзі тоқтапты. Қайдан келгені белгісіз бұлан аңшылық инспекциясына тапсырылып, олар оны қаланың шетіне еркіндікке жіберген көрінеді.