KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 2 м/с, СШ
478.96 533.03 5.22

Семейдегі техникалық құжатсыз үйлер жылусыз қалады

20.07.2012, 18:00 148


Семейдегі «Жылукоммунэнерго» мекемесінің барлық қазан-дықтарында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жылу желілеріне жауап беретін арнайы бөлім құрылған, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Жылу желілерінің ескіргендігі 80 пайызды құрап отыр. Сондықтан да қыста құбырлар арқылы келетін жылу үйге жетпей-ақ мардымсыз болып қала береді. Мамыр айынан бастап қысқа дайындық жұмыстары аясында смета шығындары, тұрғындардың төлемақылары шұғыл түрде есепке алынып жатыр. Тамыз айының соңына дейін пәтерлердің толық дайындығы жөнінде құжат бекітілуі керек. Бұл шаруа аяқталмай ештеңе өнбейді. Себебі пәтердің ішкі жүйелеріндегі құбырларды сумен шайып, қыс маусымына дайындау осыдан кейін басталады.

– Тамыз айы деп белгіленуінің себебі, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Александр Ершов, – қаладағы жекеменшік пәтер иелері кооперативтері үйдің ішкі жүйесіндегі құбырларды шаюды тұп-тура жылу берілетін кезге, яғни қазан айына әкеп тіреп қояды. Ал бұл кезде ондай жұмыстар шалағай жүргізіле салады.

– Сіздердің тұрып жатқан пәтерлеріңізді қала әкімі, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мекемесі немесе басқа да жауапты мекемелер өз қаражаттарына жөндеп беруге міндетті емес, – дейді Александр Ершов. – Ал проблемасы көп үйлер Семейде жетерлік. Өткен жылы дәл қыс кезінде шаруасы шатқаяқтап қалған 40 көппәтерлі үй белгілі болды. Қақаған қыс болған соң жанталасып оларға көмектестік. Биыл олай болмайды. Өз қаражаттарыңызға үйлеріңізді өздеріңіз жөндетіңіздер.

Қысқа дайындықсыз отырған үйлер жетерлік. Мәселен, Титов көшесі №155 үйде тұратын тұрғындар өткен қыста үйіміз суық деп шағым жасаған. Олардың подъездеріндегі есік-терезе ашық-шашық. Қыс бойы ешкім де подъездерін жылылауды ойламағандықтан, қар ішіне дейін төпеп кіріп алған. Ал Достоевский көшесі №186 үйінде жылу мардымсыз, бұл проблема ішкі жылу желілерінде жатыр екен. Сондықтан да «Жылукоммунэнерго» мамандары өз құзырларындағы бұл шаруаны өздері шешетін болды. Ал Дулатов, 206 мекен-жайындағы жатақханада адамдар міне, 16 жыл бойы суықта дірдектеп отырады. Олардың ішкі жылу желілерін жөндегілері жоқ, ал жаңғырту бағдарламасына кіруге мүлде құлықсыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесіндегілер Селевин 40, Селевин 46, 35 квартал, Гагарин 218, Ш.Уәлиханов 145, Найманбаев 163 мекенжайларындағы үйлер қазірден бастап қимылдамаса, қыста жылусыз қалады, – деп мәлімдеді. Александр Ершовтың айтуынша, қала бойынша 1035 көппәтерлі үйді қысқа дайындау қажет. Бұның ішінде 112 үйдің шатырын жөндеп, 302 үйдің ішкі жылу желілерін қалыпқа келтіру керек. Көппәтерлі тұрғын үйлердің ішіндегі инженерлік желілердің жөнделуі, құбырларды тазарту, жылу есептегіш құралдарды орнату сияқты жұмыстар қалыпқа келгеннен кейін ғана сол үй қыс маусымына дайын деген техникалық құжаты бекітіледі. Қазіргі уақытта «Жылу маусымына дайындық және жылу маусымын өткізу ережелері» атты құжат дайындалып жатыр екен. Бұл құжат бойынша, дайындық құжаты бекітілмеген үйлер қыста жылуға қосылмайды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив