KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Семейде техникалық құжаты жоқ үйлерге жылу берілмейді

18.09.2012, 18:00 179


Семей қалалық жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің бастығы Александр Ершовтың журналистермен кезекті кездесуі алда келе жатқан қыс маусымына дайындық жөнінде болды. Өткен жылдың тәжірибесі көрсеткендей, биыл да бұл мәселеге орай арнайы қалалық штаб жұмыс істемек, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Штабқа қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков жетекшілік етеді. Штаб жиындары 2012 жылдың сәуір айынан тыңғылықты түрде өтуде. Онда басты проблемалар талқыға түседі. Биыл штаб мүшесі орталықтан жылу алатын 1035 көппәтерлі тұрғын үйді тексеруден өткізбек. Өткен жылы белгілі болғандай, Семейде 112 тұрғын үйдің шатыры, 302 үйдің жылу желілерін жөндеу керек. Бүгінгі таңда 939 үй жекеменшік пәтер иелері кооперативтері немесе соған ұқсас мекемелер құрамына кірген. 24 үй өзін-өзі басқарса, 342 үй ешқайда қарамайды. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі «Жылукоммунэнерго» және «Семей Водоканал» мекемелерімен бірлесіп, бүгінде жылу құжатының жаңа түрлерін әзірлеуде. А.Ершовтың мәлімдеуінше, жылу беретін мекемелер тұрғындардың техникалық дайындық құжаты болмаса жылуға қоспайды. Сондықтан да штаб бүгінде қала халқымен тығыз байланыс жасап, нақты жұмыс жүргізуінің нәтижесінде 2011-2012 жылдың жылу маусымында үйім суық деп арыз айтқандардың қатары 80 пайызға азайған.

Дегенмен, әлі де кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, Уәлиханов, 147 мекенжайда комиссиялық тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде жылу құбырының бекіткіш қозғалғышы «Орталық» қазандығының жұмысшысының қателігінен сынып қалғандығы анықталған. Селевина көшесінде тұратындар да осындай кедергілерге кезіккен. Дегенмен бұл проблемалар дер кезінде шешілді. «Феникс» жекеменшік пәтер иелері кооперативінің салақтығынан былтыр тұрғындар екі ай бойы жылусыз қалған. Жылу құбырларындағы апаттың алдын алу қалалық әкімшілік көмегімен ғана жүзеге асты. Өткен қыста жөнді жылу алмадық деп 35 квартал, Гагарин, 218, Селевина, 46 мекенжайларындағы тұрғындар шағым түсірген. Барлығы да дер кезінде қыс маусымына дұрыс даярланбаған. Ал Достоевский, 186 үйінде қыс бойы жылу желілері ескіргендіктен жылу жөнді болмапты. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің қызметкерлері проблемалары көп 40 үйді тіркеп отыр. Олар негізінен шатырды, жертөлені жөндеу, батареялар мен жылу құбырларын толықтай ауыстыруды қажет етеді. Мысалы, 14-шағын аудан және 503, 506, 501, 410, 408-ші кварталдарда осы проблемалар бар. Әзірше қаржы бөлінген жоқ, бірақ та жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Сондай-ақ, Цементный кентінде, Ж.Кәрменов, Школьная көшелерінде жылу желілері жаңартылуда.

– Биыл біз өткен жылдағыдай үйлеріңізді жылылаңыздар, шатырларыңызды жөндеңіздер деп ақыл айтпаймыз, жылу басындағылар дайындық құжаты жоқ үйлерге жылу бермейді, – дейді А.Ершов.

Сондай-ақ, қаладағы жолдар мен көшелер жөнделіп жатыр. Қабылбаев, Декоративная, 16, 14-ші жүйелер көшелерінде жұмыстар аяқталған. Сеченов, Спартак, Школьная көшелеріне асфальт төселді. Алдағы уақытта Шығыс кенті, Энергетик, Бобровка елді мекендерін жөндеу қолға алынбақ.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив