KZ
Өскемен
пасмурно жел 4 м/с, СБ
487.42 531.39 5.04

Өскеменде атом реакторларының отыны өндірілмек

10.05.2012, 18:00 119


Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында биылдан бастап атом реакторларының отыны – жылу бөлу жинақтары (ТВС) өндірісінің жобасын жүзеге асыру шаралары басталады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Зауыттың уран өндірісінде атом электр отын ретінде пайдаланылатын уран таблеткалары бұрыннан-ақ шығарылып келе жатыр. Жаңа жылу бөлгіш жинақтар өндірісі сол уран отыны таблеткаларын циркониден жасалған герметикалық металл түтікшелерге салып құрастырып, жинақтап, атом реакторына енгізілетін даяр өнім түрінде шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша ҮМЗ-де ядролық отын өндірісінің толық циклі құрылып, отын таблеткаларының бағасы бұрынғысынан бірнеше есеге артпақ.

Әлемдік атом өндірісі саласындағы белгілі франциялық АREVA компаниясымен бірлесіп салынатын жаңа өндірісте жүз отыз жұмыс орны ашылмақ. Жобаны жүзеге асыру келісіміне Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 2008 – 2010 жылдары Францияға ресми сапары кезінде қол жеткізілген болатын.

Жуықта осы жылу бөлу жинақтары өндірісін іске қосуға орай өткен қоғамдық тыңдауда Үлбі жобалау-құрастыру институтының директоры Федор Глухих ең озық технологияға негізделген бұл өндірістен шығарылатын шығарындылар ҮМЗ-нің жалпы шығарындылар көлемінің 1,12 пайызын ғана құрайтынын, оның экологияға тигізер зияны өте аз көлемде екенін мәлімдеді. Өндірістік қалдық сулар қазіргі күні жұмыс істеп тұрған уран өндірісінің қалдық суларды қайта өңдеу жүйесі арқылы тазартылып отырмақ. Зауыт мамандары, жиынға қатысқан өзге де ұжымдар өкілдері ашық таблеткалар күйінде шығарылып жатқан уран отыны өндірісі қаупінен түтікшеге салынып, жинақталып өндірілетін жаңа өнім өндірісінің қоршаған ортаға тигізер қаупі анағұрлым аз екендігін айтып, экономикалық жағынан аса тиімді жобаны жүзеге асыруға келісетіндіктерін білдірді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив