Қазақстандық SAQ тәжірибесі туралы
Қауіпсіздік мәдениеті тек нұсқаулықтар мен ережелер жиынтығы емес, әр адамның өмірге, қоғамға деген жауапкершілігі мен саналы көзқарасы деп білеміз. SAQ жобасының дәл осы ұстанымдыы өзекті тақырып ретінде көтеді. 2024 жылдың шілдесінен бастау алған SAQ-2024 бағдарламасы Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдер мен оқушылардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталды.
Жоба Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту және Төтенше жағдайлар министрліктерінің қолдауымен жүзеге асуда. Мақсаты – қауіп-қатер сәтінде дұрыс шешім қабылдап, өз өмірін және айналасындағы адамдарды қорғауға дайын болу мәдениетін қалыптастыру.
SAQ екі бағытта іске асырылды: оффлайн және онлайн форматта. Алғашқы кезеңде әдістемелік құралдар дайындалып, өңірлерден мұғалімдер мен қатысушылар іріктеліп, теориялық сабақтар мен эвакуациялық жаттығулар өтті. Бұл кезеңде үш облыс — Абай, Атырау және Қостанай аймақтарымен меморандумдар жасалып, серіктестік желісі кеңейтілді.
2025 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан бойынша алғаш рет республикалық деңгейде эвакуациялық жаттығулар өтті.
Оффлайн форматта 270 мұғалім мен қызметкер, 5585 оқушы оқытылды. Үш өңірде 87 оқушы-волонтер дайындалып, олар өз мектептерінде 30-дан астам практикалық сабақтар өткізді. Ал онлайн форматта 20 аймақтан 182 мұғалім белсенді қатысып, 17 мыңнан астам оқушыны қамтыған сабақтар ұйымдастырды.
Жоба аясында мұғалімдер өз бастамасымен жаңа білім беру материалдарын әзірледі: су тасқыны мен сел кезінде әрекет етуге үйрететін «Гидрополия» үстел ойыны, төтенше жағдайлар тақырыбында комикстер мен бейнежазбалар, жұмыс парақтары мен мотивациялық бағдарламалар жарық көрді.
SAQ жобасының ең әсерлі тұсы — оқушылардың өздері бастамашылдық танытып, волонтерлік қозғалысқа айналғаны. Балалар апат тақырыбында квесттер мен көрмелер өткізіп, әлеуметтік желілерде ақпараттық парақшалар ашты. Бұл жоба балалардың бойына жауапкершілік пен бірлік сезімін дарытты.
2025 жылдың мамыр–желтоқсан айларына дейін SAQ-тың жаңа кезеңі жүзеге аспақ. Бұл жолы 5 өңір қамтылады: Алматы, Жетісу, Абай, Атырау және Қостанай облыстары. 12 мектептің базасында оффлайн оқыту жүргізіліп, 240 мұғалім мен 2400 оқушы сертификатталған бағдарлама бойынша оқытылады. Жоба нәтижесінде қауіпсіздік мәдениетіне арналған визуалды контент екі тілде дайындалып, әлеуметтік желілер мен арнайы сайтта орналастырылады.