KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, Ю
516.85 537.68 5.26

ШҚО-да дәстүрлі жас құтқарушылардың қысқы жарыстары өтті  

Кеше, 15:00 188 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында жас құтқарушылардың дәстүрлі қысқы сайысы өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) ұйымдастыруымен өткен жарыс ТЖД Жедел-құтқару жасағының суда құтқару станциясы базасында өтті. Жарысқа жүзден астам оқушы қатысып, өздерінің шеберліктері мен төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын сынады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Жарыстың ашылуында ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Алмас Рақышев жиналған қатысушыларға сәттілік тілеп, құтқарушы мамандығының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, балалардың құтқару дағдыларын меңгеруі төтенше жағдайларда өздерін және айналасындағы адамдарды қорғауға көмектеседі.    

Тартыс бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Мұзды өткелден» өтіп, қиын қашықтықты шаңғымен еңсерді, «жәбірленушіге» алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны қауіпсіз жерге тасымалдау тапсырмасын орындады. Сонымен қатар, мұзды суға түсіп кеткен адамды құтқару дағдыларын көрсетіп, «Ату тирі» кезеңінде мергендіктерін сынады.  

Сайыс барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері сынықтар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын өткізді. Бұл балаларға төтенше жағдайларда өздерін сенімді ұстап, қажетті көмек көрсете білуге үйрететін маңызды тәжірибе болды.  

Жарысқа 13 команда қатысты, олардың барлығы тапсырмаларды табысты орындап шықты. Қатысушылар үшін ең бастысы – қауіпсіздік дағдыларын меңгеру және тәжірибе жинақтау болды.  

Жарыс нәтижелері:  
Гран-при – №35 мектеп командасы  
I орын – №4 және №22 мектеп командалары  
II орын – №26 және №39 мектеп командалары  
III орын – №29, №42 және №37 мектеп командалары  

Жарыстың жабылу салтанатында ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов сөз сөйлеп, сайыстың жас ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті. 

 – Бұл жарыстар балаларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға, физикалық және психологиялық тұрғыдан шынығуға үйретеді. Өскелең ұрпақтың саналы түрде төтенше жағдайларға дайын болуы өте маңызды,- деді ол. 

Осылайша, жас құтқарушылар жарысы қатысушыларға тек сайыс емес, өмірлік маңызы бар білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді.  

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу