Жұмыс жүріп жатыр, сабыр сақтайық - Рашид Құмарбеков, Марқакөл тұрғыны
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Марқакөл мен Қалжыр ауылдарының арасындағы республикалық маңызы бар жолдың 56-57 км учаскесіне қарғын су жайылып, көлік қозғалысы тоқтатылған.
Оқиға орнында болған Марқакөл ауылының тұрғыны Рашид Құмарбеков аталған бағыттағы көлік жолы уақытша жабылғанын айтып, соған байланысты жерлестерін сабыр сақтай тұруға шақырды. Ауыл азаматы қазір ол жерде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, судың беті қайтқанда жол қалпына келтірілетінін жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, жауын-шашынның мол түсуі және қардың жылдам еруі салдарынан Омбы-Майқапшағай-Қалжыр-Марқакөл республикалық автомобиль жолының 10-71 шақырымында (Қалжыр ауылының бұрылысынан Дайыр ауылының бұрылысына дейін) көлік қозғалысы тоқтатылған.
Қызыл судың Правый Усть-Қалжыр ауылына кіруін болдырмау үшін жолды жырып, суды ағызу туралы шешім қабылданды. Елді мекенде 37 үй бар, 180 адам тұрып жатыр.
Қазір ол жерде «КАЖсервис» ЖШС ШҚОФ-ның және жергілікті атқарушы органдардың 15 қызметкері мен 7 техникасы, сондай-ақ «СиньСинь» компаниясының 6 жүк көлігі жұмыс істеп жатыр. Жол төсемін ашу үшін қосымша техника тартылды.