Су тасқыны: ШҚО-да екінші толқынға дайындалып жатыр
Қазір Шығыс Қазақстан аумағының 60 пайызын қар басып жатыр. «Қазгидромет» РМК мамандарының айтуынша, жақын арада бірқатар аудандарда жауын-шашын болуы мүмкін.
Жергілікті атқарушы органдар жағдайдың толықтай бақылауда екенін айтып отыр. Десе де облыстағы бір қала мен алты ауданда су басу қаупі әлі де сейілмей тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құтқарушылар қауіптің алдын алу мақсатында өңір тұрғындарына нұсқау беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгінде Риддер қаласында, Катонқарағай, Шемонаиха, Марқакөл, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандарында су тасқыны қаупі бар екен.
7 сәуір күні облыстың жедел штабының кезекші бөліміне Алтай ауданы Богатырев ауылының тұрғыны ауласына су кіргенін хабарлаған.
Белгілі болғандай, Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтеріліп, ауылдағы екі үйдің ауласын су басқан. ШҚО ТЖД, ПД және ЖАО қызметкерлері мен әскерилер мотопомпа арқылы су сору жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда жағдай тұрақталған. Ауылға ешқандай қауіп жоқ.
Осы орайда, аймақта «112» жедел желісі мен «109» ахуалдық орталығы жұмыс істеп тұрғанын естеріңізге саламыз.