KZ
Өскемен
-18°
небольшой снег жел 5 м/с, СБ
517.66 606.49 6.44

Өскеменде голограммалы жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды

11.12.2025, 18:00 71

Жарықтандыру қазір сынақ тәртібінде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс орталығының Жібек маталар комбинаты мөлтек ауданының Өтепов көшесінде өскемендіктердің қауіпсіздігі үшін жаңа технология орнатылды. Ол – жаяу жүргіншілер жолын айқындап көрсететін жарық голограммалық шам. Соның арқасында енді жол үстіндегі жолақ жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де анық көрінеді.

Айта кетейік, мұндай құрылғылар қалалық әкімдікке алғаш рет кәсіпкерлермен кездесу кезінде 2023 жылы ұсынылған екен. Алайда, ол кезде жоба белгісіз себептермен жүзеге аспаған болатын. Дегенмен, қазір көшелерді жарығырақ әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік туып отыр.

Өскеменнің көшелік жарығының жарықтандыру деңгейі аса жоғары еместігі жұртшылыққа жасырын емес. Халықтың жарық қайтарғыш элементтерді қолданбауы және қазіргі қысқы мезгілде қараңғының ерте түсетіні жағдайды күрделендіріп-ақ тұр. Ал қара түсті киім киген жаяу жүргіншіні кешкі немесе түнгі уақытта байқап үлгеру тіптен қиын. Ал қосымша жарық беру адам өмірін шын мәнінде құтқарып қалуы бек мүмкін.

– Қазір голограммалы «жаяу жүргінші» шамы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Егер тәжірибе сәтті өтсе, мұндай шамдар қаланың басқа да бөліктеріне де орнатылады, – деді бұған қатысты түсінік берген Өскемен қалалық әкімдігі.


Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу