Алтай ауданы Өскеменге 15 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін әкелді
Осы демалыс күндері Өскемен қаласында ірі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Алтай ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шаһар тұрғындарына 15 тоннадан астам өнім ұсынып, ет, сүт тағамдары, балық өнімдерін қолжетімді бағамен сатты. Сауда «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сенбі күні таңертеңнен бастап «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында өткен жәрмеңкеге Алтай ауданының 13 ауылдық округі мен екі қаласынан келген шаруашылықтар қатысты. Қалаға жеткізілген өнім көлемі 15 тоннадан асты.
Алтай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Айгүл Куттубаеваның айтуынша, жәрмеңкеге жеке қосалқы және шаруа қожалықтары өз өнімдерін тікелей әкелген.
Сауда сөрелерінде әртүрлі ет түрлері, үй құсы, күнбағыс майы, үй жағдайында дайындалған сүт өнімдері, консервілер мен бал ұсынылды. Барлық өнім сапалы, тікелей өндірушілерден жеткізілген, ал бағасы нарықтағыдан 15–20 пайызға төмен болды.
Жәрмеңкеде жылқы еті, сиыр және қой еті, үй құсының еті, сүт тағамдары, тары, әртүрлі жармалар, сары және күнбағыс майы, тауық еті мен жұмыртқа, сондай-ақ балықтың кең ассортименті сатылды. Тікелей сауда форматы тұрғындарға өнімді делдалсыз, арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Мәселен, сиыр етінің жауырын-төс бөлігі келісі 3300 теңгеден, жылқы еті 3100 теңгеден, ал күнбағыс майының бір литрі 700 теңгеден ұсынылды.
Сонымен қатар жәрмеңкеде Алтай ауданы Ермаковка ауылында өсірілетін қызыл балық пен Бұқтырма су қоймасынан ауланатын өзен балығы да сатылды. Бұл өнімдерге сұраныс жоғары болып, сатып алушылар балықты қап-қаппен алып жатқанын ұйымдастырушылар атап өтті.
Балық өнімдерінің қатарында сазан – 2500 теңге, көксерке – 2200 теңге, тоңазытылған шортан – 1700 теңге, сорожка – 400 теңге, вакуумдалған шортан – 2500 теңге, табан – 1500 теңге, тазартылған көксерке – 2500 теңге, рипус – 1200 теңге және тазартылған алабұға – 1600 теңгеден сатылды.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлер мұндай форматтың тиімді екенін айтады. Өнімдерін тікелей сатып алушыға ұсыну – олар үшін де, тұтынушы үшін де қолайлы. Әсіресе Солтүстік және Октябрь ауылдық округтерінен, Жаңа Бұқтырма кентінен келген кәсіпкерлер белсенділік танытты.
Айта кетейік, жәрмеңкеде Алтай ауданы әкімдігінің қолдауы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында консерві өнімдерін өндіруді жолға қойған кәсіпкердің өнімі де көпшілікке ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 11–13 желтоқсан аралығында Өскеменде өтіп жатқан Алтай ауданының күндері бағдарламасының бір бөлігі болды. Үш күндік іс-шаралар аясында көрмелер, концерттер, шығармашылық кездесулер, білім беру алаңдары ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін хоккей турнирі, «Халықтар достығы» флешмобы, «Абай әлемі» көрмесі және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті.
«Алтай» көтерме-тарату орталығында (Жібек жолы көшесі, 44) өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өңірде дәстүрге айналған. Саудамен қатар келушілерге концерттік бағдарлама, спорттық сайыстар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 13 желтоқсан күні Өскеменде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері бір мезетте төрт алаңда өтті. Негізгі сауда нүктесі – «Алтай», қосымша алаңдар Виноградов көшесіндегі «ДосНар» сауда үйінде, Жібек маталар комбинаты шағынауданындағы «Керуен» және Согра шағынауданындағы «Валентина» сауда үйінде жұмыс істеді. Барлық жәрмеңкелер таңғы 8:00-ден 15:00-ге дейін ашық болады.
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің форматы жүйелі түрде дамып келеді. Мұндай сауда алаңдары бағаны тұрақтандыруға, халықты жаңа әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге және жергілікті тауар өндірушілерді тікелей қолдауға мүмкіндік береді.
Дамир Омаров
Фото автордан
Видео: Жалғас Сақадиев









