KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
521.81 543.67 5.05

Өскемендіктер Ұлан ауданының сенбілік жәрмеңкесіне келді

Кеше, 10:48 147 Төлеуғазы Жансая

Өскемендегі «Алтай» көтерме-тарату орталығында Ұлан ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сенбілік жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа жыл қарсаңында өткен сенбілік жәрмеңкеге Ұлан ауданының шаруашылықтары алты тоннадан астам ет өнімдерін, төрт тонна көкөніс өнімдерін, бал мен сүт өнімдерін саудаға шығарды.

— Бүгінгі жәрмеңкеге ауданымыздың 14 ауылдық округі қатысып отыр. Ауданымыздағы 38 қосалқы шаруашылық пен үш ірі шаруашылық сенбілік жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келді. «Қабдыразақ», «Ақбауыр», «Ұлан» шаруа қожалықтары әкелген ет пен сүт өнімдері қызу саудаланып жатыр. Дәл осындай жәрмеңкелер аудан орталығы – Қ.Қайсенов кентінде сәрсенбі және сенбі күндері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылды ауданымыздың диқаншылары табысты аяқтады: бидайдың гектарынан 14 центнерден өнім алдық, былтыр 6 центнер ғана болған еді. Майлы дақылдардың шығымы да жоғары болды, – дейді Ұлан аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әділбек Рамазанов.

Алмасай ауылындағы «Қабдыразақ» ШҚ басшысы Нұртілек Сағатов сенбілік жәрмеңкелер тек қала және аудан тұрғындарына ғана емес, өздері сияқты шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалауға да игі ықпалын тигізіп келе жатқанын айтты.

Екі отар қой өсіріп, өрісін малға толтырып жатқан Нұртілек алдағы уақытта тұрғындарға қолжетімді, сапалы ет өнімдерін сататын арнайы дүкен ашуды жоспарлап отыр. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы институтында мал шаруашылығын жүргізу және мал басын асылдандыру мамандығын оқып жатқан ұлы Нұрәлі енді бірер жылдан соң ауылға, шаруашылыққа маман болып келіп, әкесімен бірге ата кәсіпті өркендетуге кіріспек.

Жәрмеңкеге жиналған қалалықтар сауда сөрелерінен жаңа жылдық дастарханға деп қаз, үйрек, қазы, жал-жая, көкөніс өнімдерін де көптеп сатып алды.


Жанаргүл Мұқатай

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу