Жас сарбаздар алғаш рет атыс қаруынан оқ атты
Аягөз гарнизонының танк және артиллериялық әскери бөлімінің 300-ден аса жас сарбазы «Майлин» оқу-жаттығу полигонында алғаш рет автоматтан оқ атып, өздерінің жауынгерлік біліктіліктерін арттырды.
Жас толым атыс қаруынан бастапқы жаттығуды орындау алдында ұрыс қаруының құрылымын, шынайы жауынгерлік ұрыстағы мүмкіндіктерін, ерекшелігін және де қауіпсіздік шараларын теория жүзінде игерген болатын. Сондай-ақ, оқ ату жаттығуларын бастамас бұрын жас толыммен қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық өткізілді. Командирлер ату және дұрыс көздеу туралы бірқатар нұсқамалар берді.
Бұл алғашқы жаттығуларды жас әскерилердің «жауынгерлік жолының бастамасы» деп айтуға болады. Әскердегі бір жыл қызмет ішінде оларды осындай ауқымды оқу-жаттығулар мен далалық жиындар күтуде.
– Біз бүгін алғаш рет атыс қаруынан бастапқы жаттығуды орындадық. Көрсеткішім жақсы. Бұл жетістігім командирлеріміздің үйреткен әдіс-тәсілдерін қолданудың нәтижесі деп ойлаймын, – деді Шымкент қаласынан келген сарбаз Шахзад Музрапов.
Танк бригадасы командирінің орынбасары подполковник Асхат Шайкеновтың айтуынша, алғашқы ату-жаттығу қорытындысы күтпеген нәтижелермен ерекшеленді.
– Бөлімге жаңа келген сарбаздардың ішінен біразы нысаналарға дәл тигізіп, жоғары ұпай жинады. АК-74 қаруын алғаш қолға алған бозбалалар үшін бұл жақсы нәтиже екенін айта кеткен жөн. Біздің сарбаздар әскери даярлықтың бастамаларын жақсы үйреніп, енді ант қабылдауға әзір, – деді подполковник Асхат Шайкенов.