KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 3 м/с, СБ
481.19 538.45 5.18

«Жер-2024»: Азаматтық қорғаныс қызметін жетілдіре түсті

4.06.2024, 15:32 210 Қуаныш Рахметоллаұлы

Бүгін Өскеменде «Жер-2024»  республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың екінші кезеңі өтті,  деп хаарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан сейсмикалық жағынан қауіпті аймақтар қатарынан саналады. Табиғи апаттың алдын алуға және одан қорғануға бағытталған дайындық шараларының Шығыста өткізілуі сондықтан.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев оқу-жаттығу кезінде қолданылған тактикалық жаттығулармен танысып, авариялық-құтқару құралымдарының дайындығына баға берді.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша, аймақта жер сілкінісі болып, көптеген ғимарат қираған. Оқиға орнына авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін Ұлттық ұлан бөлімшелері, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, Абай, Жетісу, Қарағанды облыстарының құтқарушылары мен арнайы техникалар жұмылдырылды.

Көпқабатты тұрғын үйдің ішінде қалған адамдарды құтқару қызметінің мамандары альпинистік жабдықтар мен автосатыны қолданып қауіпсіз аймаққа алып шықты. Жарақат алғандарға дәрігерлер шұғыл көмек көрсетті. Жаттығу барысында жер сілкінісінің қауіпі төмен өңірлерде зардап шеккен тұрғындарды қабылдау мәселелері де пысықталды.

– Бұл жаттығулардың өткізудегі негізгі мақсат – халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және нығайту. Төтенше жағдайлар бола қалған сәтте адамдар дұрыс әрекет етсе, өз өмірін сақтап қалуға мүмкіндік артады, – деп атап өтті Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин.

Оның айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар халыққа төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін үйрете отырып құтқарушылардың біліктілігін шыңдауға, дайындығын пысықтауға мүмкіндік береді. Яғни, аяқ астынан болатын апатқа қаншалықты дайын екенімізді байқап көреміз.

Өскеменде өтіп жатқан «Жер-2024» оқу-жаттығуына мыңнан астам техника жұмылдырылған.

Сценарий бойынша өскемендіктер дабыл қағылған сәтте дереу эвакуациялық пункттерге жиналды. Қажетті көмек алғаннан кейін оларды моторлы қайықпен арнайы дайындалған лагерьге жеткізді. Шатырлы лагерьде медициналық пункт, тамақтану орны, автокөлік тұрағы қарастырылған. Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін лагерьде полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Апаттар медицинасы орталығының мамандары дала ауруханасын орналастырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары мен дәрігерлері халыққа шұғыл көмек көрсетті. Соңында оқу-жаттығуға толық талдау жүргізілді, авариялық-құтқару құралымдарының дайындығына баға берілді. Өскемен қаласының әкімі мұндай оқу-жаттығулардың тәжірибе жинақтауда берері мол дейді.

– Қаламызда «Жер-2024»  оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Жер сілкінісі болған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін осы кезде үйреніп, машықтануымыз керек. Қаладағы мекемелердің жұмысын үйлестіру үшін де мұндай жаттығулардың пайдасы зор. Мәселен, апат болған жағдайда  коммуналдық мекемелер, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдар, барлық қызметтер бір тәртіппен жұмыс істеуі керек. Оқу-жаттығу кезінде осыған баса мән берілді, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

«Жер-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулардың қорытындысы бойынша, азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесінің қызметін одан әрі жетілдірудің басым бағыттары айқындалды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив