Қазақстандықтарды декларация тапсырудан босатпақ: кімдерге әсер етеді?
pexels.com
Қазақстан Үкіметі жалпыға бірдей декларация тапсыруға қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қаржы министрі Мади Такиевтің айтуынша, алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 миллион адам кірді. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары, квазимемлекеттік сектор өкілдері және олардың жұбайлары бар.
2025 жылы декларация тапсыруы тиіс 8 миллион қазақстандықты бұл міндеттен босату ұсынылды. Мұндай қадам базалардың цифрландырылуы және қолма-қол төлемдердің азаюымен байланысты. Министрдің айтуынша, бұл 90%-дан астам жеке тұлғаларға, соның ішінде:
- жеке сектор қызметкерлері,
- зейнеткерлер,
- үй шаруасындағы әйелдер,
- студенттер және басқа да азаматтарға қатысты болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде тиісті заңнамалық өзгерістерді дайындап, Парламентке ұсынуды тапсырды.
Декларация тапсыру міндеті төмендегі санаттар үшін сақталады:
- Қазақстаннан тыс активтері барлар,
- жыл ішінде құны 20 000 АЕК-тен (2024 жылы шамамен 74 миллион теңге) асатын сатып алулар жасағандар,
- өз бетінше салық салынатын табыс алғандар.
Сонымен қатар, азаматтарға декларацияны ерікті түрде тапсыру құқығы беріледі.
Дереккөз: Tengrinews.kz.