Қазақстан тау шаңғысы туризмін әлемдік деңгейге көтеруді көздейді

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладомат Алматыда тау шаңғысы туризмін дамыту мәселесін талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар туризм саласының жаһандық үрдістері мен оның ұлттық экономикаға ықпалы жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, тау шаңғысы туризмі – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыт ретінде қарастырылды.
PGI Management компаниясы – әлемнің алдыңғы қатарлы қысқы курорттарын басқарумен айналысатын, 60 жылдан астам тарихы бар беделді компания. Олардың жобаларына Давос, Сент-Мориц (Швейцария), Куршевель (Франция), Вейл, Аспен (АҚШ), Уистлер-Блэккомб (Канада) және өзге де әйгілі шаңғы курорттары кіреді. Компания бүгінде 120-дан астам жобаны іске асырып отыр.
Премьер-министр мен компания басшысы Алматы тау кластерін дамыту келешегін талқылап, оны әлемдік стандарттарға сай деңгейге көтеру жолдарын қарастырды. Қазіргі таңда бұл аймақтағы туристік инфрақұрылым жылына 2 миллион адамды қабылдай алады. Жалпы ұзындығы 41 шақырымды құрайтын шаңғы трассалары мен 16 көтергіш бір күнде 6 мың туристке қызмет көрсетеді.
Жобаланған ауқымды жаңғырту нәтижесінде трассалар ұзындығы 227 шақырымға, көтергіштер саны 58-ге дейін артып, кластердің өткізу қабілеті 34 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Сонымен бірге, 10 мыңға жуық тікелей жұмыс орны ашылады. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, 2029 жылға қарай Алматы тау кластері жыл сайын 7,5 миллион туристі қабылдай алады деген болжам бар.
Инфрақұрылымдық даму инклюзивтілікті де қамтиды. Бұл – балаларға қысқы спорт түрлерін меңгеруге және отбасылық демалысты ұйымдастыруға бағытталған білім беру бағдарламаларын кеңейтудің маңызды алғышарты.
Олжас Бектенов қазіргі жаһандық жағдайда экономиканы әртараптандырудың маңызына тоқталып, туризм саласы өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру, көлік және логистикамен қатар ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар инфрақұрылымды халықаралық стандарттарға сай жаңғырту бағытында бірлескен жұмыстарды бастауға уағдаласты.