KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 3 м/с, В
510.59 578.91 6.37

ШҚО ғалымдары бөлшектерді қорғауға арналған заманауи жабындар жасауда

28.04.2025, 20:05 318 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстанда «Қорғаныш және функционалдық жабындар» (PROFCOAT) ғылыми орталығы ашылды. Бұл орталық әртүрлі салаларға — энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп, медицина, химия, радиотехника және ғарыш өндірісіне қажетті бөлшектердің сыртқы бетін қорғайтын және материалға қосымша қасиет беретін арнайы қабаттар жасау технологияларын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бөлшектердің бетіне түсірілетін мұндай жабындар оларды коррозиядан, тозудан, температураның әсерінен қорғап қана қоймай, қосымша беріктік пен электр өткізгіштік қасиеттер сыйлайды. Мысалы, машина бөлшектеріне немесе ғарыш техникасына арналған бөлшектерге төзімді жабын жағу олардың қызмет ету мерзімін айтарлықтай ұзартады.
Орталық жетекшісі Нұртөлеу Мағазовтың айтуынша, қазір жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеден асатын алты жоба қолға алынған. Бұл жобалар өңірдегі ірі кәсіпорындар үшін де үлкен қызығушылық тудырып отыр. Сонымен бірге орталықтың жас ғалымдары тек жергілікті университеттермен және өндіріс орындарымен ғана емес, шетелдік әріптестермен де тығыз байланыс орнатқан.
Салтанатты шараға қатысушылар зертхана жұмысымен танысты. Мұнда материалдарды зерттеу, микроскоп арқылы талдау, механикалық төзімділікті сынау, газотермиялық бүрку, химиялық және термиялық өңдеу, сондай-ақ бөлшектердің бетіне өте жұқа қабат жағу арқылы күшейту сияқты заманауи әдістер көрсетілді. Әсіресе электрдоғамен металдандыру көпшіліктің қызығушылығын оятты. Сонымен қатар магнетрондық бүрку мен ион-плазмалық азоттау әдістерінің мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылды.

Елизавета Седых
Аударып өңдеген: Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу