KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 2 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Өндіріске тың серпін: Шығыста өңірлік ғылыми кеңес құрылды

28.04.2025, 19:45 511 Ержан Әбіш

 

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. ШҚО әкімдігі мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырған бұл кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, басқарма басшылары, жергілікті кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.

Кеңес отырысында ғылым мен өнеркәсіпті жақындастыра түсуге бағытталған жаңа реформалар талқыланды. Қолданбалы ғылымды дамытып, экономиканың нақты сұранысына жауап беретін жобаларды іске асыру, ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері күн тәртібіне қойылды. Сондай-ақ ғылымды қажет ететін технологияларды енгізу арқылы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары қарастырылды.
Жиында ШҚО Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің құрамы және оның жұмыс топтары бекітілді. Кеңес қызметі ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің ғылыми-техникалық әлеуетін көтеруге, әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталмақ. Ғылым, билік және бизнес өкілдерінің басын қосатын тиімді диалог алаңы ретінде Кеңес Шығыстың жаңа мүмкіндіктерін ашуды көздейді.
Отырыстан кейін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Қорғаныш және функционалдық жабындар» (PROFCOAT) атты Жастар ғылыми орталығының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, университет басшылығы, өндіріс серіктестері мен құрметті қонақтар қатысты. Қатысушылар жаңа ғылыми орталықтың зертханаларын аралап, материалдарды зерттеу, микроскопия, механикалық сынақтар, газотермиялық бүрку, химия-термиялық өңдеу және жұқа үлдірлерді алу салаларындағы заманауи технологиялармен танысты.
Әсіресе, электрдоғамен металлдандыру үдерісінің көрсетілімі көпшіліктің қызығушылығын оятты. Магнетронды бүрку, ион-плазмалық азоттау сияқты жетілдірілген әдістердің мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылды.
Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, медицина, химия, радиотехника және ғарыш өнеркәсібі үшін қажетті бөлшектерге қорғаныш және функционалдық жабындар, қабаттар мен үлдірлер жасау технологияларын дамыту және енгізу. Сонымен қатар, орталық университеттің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға, материалтану саласында ғылымды қажет ететін жобаларды өрістетуге үлес қоспақ.
PROFCOAT ғылыми орталығы болашақта беткі қабатты инженериялау бойынша инновациялық технологияларды дамытудың және өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайтудың негізгі алаңына айналады. Сонымен қатар, жоғары білікті мамандар даярлау ісінде ле таптырмас алаң болмақ.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу