KZ
Өскемен
+20°
переменная облачность жел 1 м/с, С
507.07 572.53 6.37

ШҚО, Алтай ауданы: Жырмен жеткен Жеңіс, әнмен өрілген тағзым (видео)

9.05.2025, 17:05 327 Ержан Әбіш

 

 

Ұлы Отан соғысының от-жалынына шарпылып, ел үшін кеудесін оққа тосқан боздақтарды еске алу – парыз ғана емес, ұрпақ алдындағы аманат. Осы ұлы мұрат жолында Алтай ауданы да мерекелік күнді асқақ рухпен қарсы алды. Мерекелік күннің шымылдығы мұнда «Жеңіс туралы жырмен» атты көшпелі концертпен түрілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өнерпаздардың жүректен шыққан әуезді әні талай жанның көңіл пернесін дөп басты. Себебі бұл өңірден 14 мыңнан астам адам майдан даласына аттанған. Солардың үш мыңнан астамы туған топырағына оралмады. 11 азамат Кеңес Одағының батыры атанып, есімдері ел есінде мәңгілікке сақталды.

Салтанатты шара Орталық саябақтағы Даңқ мемориалында жалғасты. Мұнда «Мәңгілік алғыс» атты патриоттық акция ұйымдастырылып, тұрғындар гүл шоқтарын қойды. Жеңіс салтанатына тыл еңбеккерлері, аудан басшылығы, әскерилер мен құқық қорғау органдары, Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, қоғам белсенділері мен мәслихат депутаттары қатысты. Бәрі де елі үшін еңіреген ерлерге тағзым етуді борыш санап келгендер.

Аудан әкімі Ренат Құрманбаев жұртшылықты Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, сөз сөйледі:

– Ұлы Жеңіс күні – бұл тек өткенді еске алу емес, бүгінгі еркін өміріміздің қадірін бағалау күні. Майдан мен тылда жанқиярлық танытқан жерлестеріміздің ерлігі – ұмытылмас үлгі. Батырлық пен төзімділіктің, табандылық пен рухтың шынайы көрінісі, – деді ол.

Сонымен қатар аудан әкімі жақында ғана атап өтілген Отан қорғаушылар күні жайлы да айтып өтті. Бұл мереке бірнеше буынның жүрегінен орын алған, ел қорғаны болған ерлердің дәстүрін ұлықтайтын ұлық күн екенін жеткізді. Қарттарымыз әлі де сап түзеп, жастарға отансүйгіштік пен адалдықтың не екенін үйретіп келеді.

Мереке аясында тұрғындарға арналған түрлі мазмұндағы фотозоналар мен шығармашылық көрмелер ұйымдастырылды. Ал орталық алаңда өткен «Ерлікке тағзым – Жеңіске құрмет» атты концерттік бағдарлама мен деректі фильмдердің көрсетілімі көптің көңілінен шықты.

Кешқұрым орталық саябақта «Мамыр әуендері» атты мерекелік концерт өтті. Шараның шарықтау шегі «Шырақ жақ» атты үнсіздік акциясы болды. Бұл — үнсіздікке құрылған, бірақ жүректерде от жаққан әсерлі көрініс.

Оған Алтай қаласының тұрғындары мен қонақтары – Жеңіс үшін жанын қиған бабалардың рухын ардақтаған жандар қатысты.

Жеңіс күнінің рухы – тірілердің жүрегінде, өлмейтін өнегеде. Алтайлықтар бұл күні сол рухты жаңғыртып, ұрпаққа мирас етер асыл мұрат екенін тағы бір мәрте паш етті.

Фото/видео: Алтай ауданының әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу