KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, З
504.6 594.27 6.48

Тывалық өнерпаз Алексей Ховалыг Алтай төрінде көмеймен ән салды

15.06.2025, 15:30 372 Ержан Әбіш

 

Катонқарағайда өтіп жатқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің құрметті қонақтарының бірі көмеймен ән айту өнерінің шебері, тывалық танымал орындаушы Алексей Ховалыг болды. Ол – көмеймен айтатын ерекше орындау мәнерімен танылған көне дәстүрдің өкілі, туыстас тыва халқының рухани мұрасын сақтаушы өнер иесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алексей Ховалыг сахнаға шығып, көрерменге ата-бабалардан келе жатқан ежелгі көмей әнін орындап, көрерменді тәнті етті.

– Мен бұл фестивальге ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы сақтап келген ән өнерін паш ету үшін арнайы Тыва Республикасынан келдім. Бүгінгі өнерім – сол бабалар рухына тағзым. Табаным тиісімен бірден сахнаға шықтым. Табиғаттарыңыз біздікінен аумайды, бізде де осындай таулы аймақ, тайга, өзен-сулар бар. Ауасы да ұқсас. Жер де, ел де жақын тартып тұр. Өз мәдениетің мен тіліңді сақтау – ең бастысы. Дәстүрді дәріптеу – әр халықтың борышы, – деді ол өзінің әсерімен бөлісіп.

Алексей Ховалыгтың көмеймен орындаған әні көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Оның орындауындағы әрбір әуен – табиғатпен үндесіп, Алтайдың саф ауасымен үйлесіп жатты. Тыва өнерпазының шеберлігі мен орындау мәнері фестивальдің шоқтығын биіктетіп, түркі әлемінің ортақ рухани мұрасын ұлықтай түсті.

Айта кетейік, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі – бауырлас халықтардың мәдени байланысын нығайтатын маңызды алаң. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу