KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 4 м/с, В
504.76 593.8 6.5

Еуразия түйісінде жаңа экономикалық көпір: Шығыс Қазақстан мен Тверь стратегиялық серіктес атанды

19.06.2025, 22:10 1 303 Ержан Әбіш

XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы Шығыс Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 26 пайызы Ресей Федерациясының үлесіне тиіп, 1,2 миллиард АҚШ долларынан асты. Өңір үшін көршілес аймақтармен тығыз экономикалық және мәдени байланыс орнату – дәстүрлі бағыт қана емес, болашақтағы тұрақты дамудың да кепілі.

— Біз Ресей Федерациясының өңірлерімен орнықты экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстарды жоғары бағалаймыз. Мұндай қатынастар елдеріміз арасындағы тату көршілік пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Биыл Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясының Федерация Кеңесі арасындағы Комиссияның 23-отырысы аясында Шығыс Қазақстан мен Тверь облыстары арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын кеңінен талқыладық. Соның нәтижесінде бүгін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, білім және туризм салаларын қамтитын меморандумға қол қойдық, – деді Нұрымбет Сақтағанов рәсімнен кейінгі сөзінде.

Оның айтуынша, бұл келісім жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, инвестициялық ауқымды кеңейтуге және екі өңір арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға тың серпін береді.

Меморандумға қол қою рәсіміне қатысқан РФ Федерация Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин бұл бастаманы екі ел арасындағы нақты әрі мазмұнды серіктестіктің нәтижесі ретінде бағалады.

— Шығыс Қазақстан мен Тверь облыстары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бұл құжат сәуір айында Тверьде өткен Комиссия отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы. Біз тараптардың нақты әрі прагматикалық қадамдарын жоғары бағалаймыз, – деді Яцкин.

Ол сондай-ақ алдағы уақытта аталған салалардағы бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.

Шара соңында ШҚО әкімі Тверь облысының губернаторын 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстанда өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына арнайы шақырды.

— Губернатор Игорь Руденя біздің өңірдің экономикалық әлеуетімен, мәдени жетістіктерімен өз көзімен танысып, болашақтағы жобаларға нақты көз жеткізеді деп сенеміз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан делегациясы Ресейде 18-21 маусым аралығында «Көпполярлы әлемдегі өсудің негізі – ортақ құндылықтар» тақырыбымен өтіп жатқан Петербург халықаралық экономикалық форумының жұмысына қатысуда. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталмыш форумда ресми қазақстандық делегация құрамындағы жалғыз өңір басшысы болды. Оның қатысуы Шығыс Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық экономикаға белсенді интеграциялануға берік бейілдігін инвесторлар мен халықаралық іскер қауымға айқын көрсетті. Шығыс өңірі халықаралық экономикалық өзара іс-қимылда сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын айқын көрсетуде. Облысымыз бизнес үшін қолайлы жағдай жасап, болашағы зор жобалар ұсына отырып, қос елдің және бүкіл Еуразияның игілігі үшін ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруға дайын екенін дәлелдей түскені анық.

Жалпы, Петербург халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ) 1997 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және 2006 жылдан бастап Ресей Федерациясы Президентінің қолдауымен өткізіледі. Форум әлем елдерінің саяси және іскер топтары, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар өкілдері бас қосатын маңызды алаң саналады. Мұнда жаһандық экономиканың өзекті мәселелері талқыланып, ірі инвестициялық келісімдер жасалады.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу