2029 жылға дейін елімізде тозған су және кәріз құбырларының үлесі азаяды
Фото: ufa-santehnik.ru
Үкімет отырысында өңірлердегі су инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, ескі желілерді жаңғырту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиында айтылғандай, 2029 жылға дейін Ұлттық жоба аясында су құбыры мен кәріз жүйелерін кең ауқымда жаңғырту жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – қазіргі кезде шекті деңгейге жеткен тозуды азайту.
Атап айтқанда, су құбырларының тозу деңгейі қазіргі 39%-дан 33%-ға дейін төмендетіледі. Ал кәріз жүйелері бойынша бұл көрсеткіш 65%-дан 41%-ға дейін қысқаруға тиіс. Бұл шаралар жүйенің сенімділігін арттырып, су шығынын азайтып, елді мекендердегі санитарлық қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында инфрақұрылымның тиімділігін арттыру өңірлердегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да ықпал ететіні атап өтілді.
Жоба аясында су үнемдеу технологияларын енгізу мен процестерді цифрландыруға басымдық беріледі. Бұл желілердің жағдайын автоматты түрде бақылауға, апатты учаскелерді жедел анықтауға және пайдалану шығындарын оңтайландыруға сеп болады. Сондай-ақ инженерлік коммуникацияларды жаңарту агломерациялар мен ауылдық округтерде экологиялық жағдайды жақсартады, себебі бұл аймақтарда тозу деңгейі орташа көрсеткіштен жоғары.
Алайда бұл ауқымды жұмысты жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлесімді іс-қимыл, тұрақты қаржыландыру және қажетті ресурстарды тиімді бөлу маңызды болмақ.
Дамир Омаров