«Jas Keñes Siylığı»: Өнеркәсіптегі үздік жастардың бірі – Ернұр Токушев
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің «Jas Keñes Siylığı» сыйлығының «Өнеркәсіп» номинациясы бойынша 2024 жылғы жеңімпазы - «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің қазандық жабдықтары бойынша аға машинисі Ернұр Токушев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте байқауға қатысу тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ернұр Токушев Өскемен ЖЭО-дағы еңбек жолын 2013 жылы багерлік сорғы станциясының машинисі қызметінен бастаған. Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында қазандық цехы басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Дегенмен, жас мамандарды даярлау ісін жалғастыру мақсатында Ернұр өз еркімен төменгі лауазымға ауысуды сұрап, өндірістегі тәлімгерлік қызметін жалғастырыпты.
Сұхбаттан кейін Ернұр Токушев Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне шақырылады. Оған сыйлық ретінде сертификат және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сый берілді.
Сондай-ақ 2025 жылғы 24 маусымда Ернұр Токушев «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған өңірлік байқауда «Ең үздік тәлімгер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғанын айта кеткен жөн. Бұл – кәсіби шеберлікті шыңдау мен оны жас буын мамандарға үйретудің әрдайым бағаланатынының жарқын дәлелі!
Фото: Жалғас Сакадиев

