Өскемендік “Торпедо” хоккей клубына – 70 жыл: Жеңістерге толы дәуір
Биыл Өскемен қаласының ғана емес, тұтас елдің спорт тарихында айрықша орны бар “Торпедо” хоккей клубының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Бұл – жай ғана спорттық мерейтой емес. Бұл – жетпіс жыл бойы үзілмеген дәстүрдің, спортқа деген шынайы махаббаттың, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ұлы мектептің тойы, деп хабарлайды Altainews.kz.
1955 жылы құрылған “Торпедо” хоккей клубы алғашқы ресми жарысына 1957 жылдың басында қатысты. Небәрі 10 ойыншысы бар жас команда Қазақ КСР-інің шайбалы хоккей чемпионатында алғаш рет өнер көрсетіп, бірден күміс медаль жеңіп алды. Бұл клуб тарихындағы алғашқы және соңғы күміс жүлде еді, себебі одан кейінгі жылдары өскемендіктер тек алтыннан алқа тақты.
1969 жылы Өскеменде хоккей жанкүйерлеріне үлкен сыйлық жасалды – 5 200 орындық мұз аренасы бар Спорт сарайы пайдалануға берілді. Бұл кеңестік кезеңдегі ірі жобалардың бірі еді. 1970 жылдардың басында Кеңес одағының батыры Төлеген Тоқтаров атындағы халықаралық турнир жолға қойылып, клубтың танымалдығы тіпті арта түсті.
1980 жылдары “Торпедо” нағыз жарқыраған дәуірге енді. Мәскеудің ЦСКА, Динамо, Спартак секілді гранд клубтарын жеңу сенсация емес, қалыпты жағдайға айналды. Бұл – Өскемен хоккей мектебінің биікке көтерілуінің айқын көрінісі.
“Торпедо” мектебінен түлеп ұшқан Борис Александров – Қазақстан спорт тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі. КСРО құрамасында өнер көрсеткен ол кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде Швейцариядағы әлем чемпионатына, Нагано Олимпиадасына ел командасын бастап апарды.
1998 жылы Нагано Олимпиадасында Қазақстан құрамасы НХЛ-дың жұлдыздарына қарсы табандылықпен ойнап, АҚШ, Швеция, Словакияны артта қалдырып, сенсациялық 5-орынға ие болды. Бұл әлем хоккей тарихындағы бірегей нәтиже еді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан құрамасының негізгі тірегі болып дәл осы “Торпедо” қалды. Клубтың тәрбиеленушілері ел құрамасының негізін құрап келеді. Евгений Набоков, Александр және Евгений Корешковтар, Коваленко, Антипин, Антипов сынды жұлдыздар әлем аренасында Қазақстан атынан сынға түсіп, ел намысын қорғады.
2001 жылы “Қазцинк” АҚ қолдауымен Спорт сарайы толық жөндеуден өтті. Жаңа мұз алаңдары, заманауи жабдықтар орнатылды. 3 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған бұл жоба Өскемен хоккейінің жаңа ғасырына жол ашты.
“Қазцинктің” жанашырлығымен “Торпедо” клубы екінші тынысын ашып, бүгінге дейін дәстүрін жалғастырып келеді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған хоккей мектептері де клубтың ұлы тарихының жалғасы ретінде жұмыс істеп тұр.
70 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, “Торпедо” үшін – қажырлы еңбекпен келген жеңістер мен даңқтың жолы. Бұл клуб – жай ғана команда емес, тұтас бір дәуір, тұтас бір рухани мектеп.
Өскеменнің хоккей мектебі – ел спортындағы мақтаныш. Ендеше, “Торпедоның” жаңа белестер мен жаңа жеңістерге жетуіне тілекшіміз!






