Ертіс бойындағы іскерлік диалог
Өскеменде Шығыс Қазақстан және Омбы облыстарының инвестициялық әлеуетін таныстыруға арналған жиын өтті. Жергілікті кәсіпкерлер мен көрші Ресей өңірінен келген бизнес өкілдері бас қосқан бұл шарада екі ел арасындағы шекаралық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.
Тараптар өз өңірлерінің экономикалық мүмкіндіктерін таныстырып, болашақта бірлесіп жүзеге асыруға болатын инвестициялық жобаларды ортаға салды.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде екі жақты қатынастардың тек географиялық жақындығымен шектелмейтінін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, өткен жылы өңірдің сыртқы сауда айналымының 26%-дан астамы Ресей Федерациясына тиесілі болған. Бұл – 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам қаржылық көрсеткіш.
Сондай-ақ, ол Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірдің маңызды инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті. Қазіргі таңда автомобиль өткізуге арналған шекара бекеті жаңғыртылып жатыр. Бұған қоса, «Ертіс өзені арқылы өзен көлігі қатынасын ұйымдастыру» жобасы да қарастырылып отыр. 2024 жылдың қарашасында бұл бастама бойынша жол картасы әзірленіп, жеке инвестициялар есебінен іске асыру мәселесі пысықталған. Жоба аясында 2027 жылдың қазанына дейін Тұғыл ауылында өзен портының құрылысы жоспарлануда.
Омбы облысынан келген делегация мүшелері өз тарапынан инвестициялық жобалар туралы ақпарат беріп, екі өңір арасындағы іскерлік байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. Олар логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.
Кездесу қорытындысында екіжақты іскерлік қатынастарды жандандыру және нақты жобалар төңірегінде бірлесіп жұмыс істеу туралы уағдаластықтар жасалды.
Фото: Жібек Нұрахмет














