Өскеменде «Дирижёрлер парады» атты гала-концерт өтті
Өскеменде 3-6 шілде күндері аралығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен келген танымал дирижёрлер мен Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің қатысуымен Ұлттық домбыра күніне орай халықаралық дирижёрлер форумы өтуде. Форум бағдарламасы шеңберінде бүгін «Ертіс концерт» залында «Дирижёрлер парады» атты гала-концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Гала-концерттің салтанатты ашылу рәсімінде дирижёрлер қызыл кілеммен жүріп өтті. Мәдени шараға белсене қатысып, 2-4 шілде күндері шеберлік дәрістерден өткен Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртістеріне сертификаттар табысталды.
Кешті Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижёрі Шалқар Рысханов «Көк серке» күйімен ашты.
Шығыс Қазақстанда ауқымды түрде өтіп жатқан айтулы шараның мақсаты – дирижёрлік мектептің дәстүрлерін сақтау және дамыту, Қазақстан мен шет елдердің музыканттары арасында кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ қазақтың ұлттық музыка өнерін кеңінен насихаттау.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының танымал дирижёрлері, мәдениет қайраткерлері мен кәсіби қауымдастық өкілдері қатысуда.
Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Алтай Республикасы мемлекеттік оркестрінің дирижёрі және көркемдік жетекшісі Владимир Кончев форум жұмысына жоғары баға беріп, қазақтың төл музыкалық өнерін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Дирижёрлер парады» атты гала-концерті барысында Е. Үсенов «Өмір дастан», И. Брамс «Венгерский танец №1», М. Маңғытаев «Концерттік күй», Ж. Тұрсынбаев «Қыз қарағай», Ф. Легар «Джудитта» опереттасынан «Джудитта ариясы», А. Жайымов «Шалқыма», А. Пьяцолла «Либертанго», А. Жайымов «Думанды Тобыл», Қ. Шілдебаев «Отан Ана», О. Готман «Поцелуй», Н. Тілендиев «Махамбет», С. Шабельский, Л. Шаргородский «Тойбастар», Г. Свиридов «Вальс», Б. Тилегенов, С. Жумалиев «Таң сыры», Т. Казаков, Б. Тилегенов «Жамгыр төктү», А. Тозыяков «Фантазия» сынды отандық және классикалық музыка туындылары орындалды.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Құрмағазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық–этнографиялық «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінің дирижёрі Жалғасбек Бегендіков облыс көлемінде Ұлттық домбыра күні мересі кең ауқымда аталып өтуіне бар жағдай жасаған облыс басшылығына алғыс білдіріп, осындай тағылымы мол шараның өнер адамдарына, әсіресе, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрін құраушы жас музыканттарға берері мол екенін алға тартты. Сонымен қатар, биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінің ел ішінде және Еуропа елдеріне гастрөлдік сапар шегу жоспары барын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жолдады.
Мерекелік концерт көрермендері көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жалғас Сақадиев