KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Шығыс Қазақстаннан Өзбекстанға туристік пойыз қатынауы мүмкін

8.07.2025, 17:35 1 218 Ержан Әбіш

Қазіргі кезде «Жібек жолы» туристік пойызы Алматыдан Түркістан, Отырар, Самарқан, Бұхара және Ташкент бағытында қатынайды. Алдағы уақытта оның бағыты кеңейіп, Өскеменнен де жүре бастау ықтималдығы айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскеменде Өзбекстан Республикасының туристік әлеуетін таныстыру шарасы өтті. Жиынға арнайы келген Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимов екі ел арасындағы байланыстардың нығая түскенін атап өтті.

– Құрметті ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың шақыруын қуана қабылдадық. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл – мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің нәтижесі. Сондықтан да екіжақты қатынастарды дамыту біз үшін маңызды, – деді елші.

Презентация барысында өзбекстандық делегация туристер үшін ең танымал бағыттарды, медициналық туризмнің мүмкіндіктерін, жыл бойғы демалыс түрлерін және көрнекті орындарды таныстырды. Айта кетейік, жыл сайын Қазақстаннан миллиондаған турист Өзбекстанға барады. Екі ел арасында тұрақты әуе қатынасы да бар.

ШҚО туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Жігітаевтың айтуынша, бұл шараға аймақтың туристік компаниялары да шақырылды.

– Өзбекстанның туризм әлеуетімен кеңінен танысу үшін өңірлік туркомпанияларды арнайы шақырдық. Алдағы уақытта көршілес елдермен тығыз байланыс орнатып, өзара тиімді ұсыныстарды бірге пысықтаймыз, – деді ол.

Шара соңында туроператорлар мен делегация мүшелері бейресми жағдайда пікір алмасып, байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

– Бүгінгі таныстырылым өте жақсы өтті. Қысқа, нақты әрі мазмұнды болды. Осындай шаралар жаңа туристік бағыттарды танып-білуге, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді, – деді қазақстандық туризм өкілі Айдар Елубаев.

Жиында қатысушыларды ерекше қызықтырған тақырыптардың бірі – «Жібек жолы» пойызы бағытының кеңейтілуі болды. Қазір ол Алматыдан Түркістан мен Өзбекстанның бірнеше қаласына барады. Бірақ алдағы уақытта оның Өскеменнен де жүруі мүмкін.

– Біз бүгін Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқан бағытымен жүретін пойыздың географиясын кеңейту мәселесін талқыладық. Өскеменді де бастапқы нүкте ретінде қарастыруға болады. Бұрын, 30 жыл бұрын, дәл осы бағытта пойыз жүрген. Біз сол дәстүрді қайта жандандырғымыз келеді, – деді Бахтиер Ибрагимов.

Сонымен қатар, елші Өзбекстан Қазақстанмен тек туризмді ғана емес, экономикалық байланыстарды да тереңдете түсуге мүдделі екенін атап өтті. Өзара тауар айналымын арттырып, басқа да салаларда ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.

Фото: Екатерина Семина
Видео: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу