KZ
Өскемен
-17°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
510.18 601.91 6.51

Өскемендегі «Заря» мен «Заречный» базарлары жаңартылып жатыр

depositphotos.com

9.07.2025, 11:00 208 Ержан Әбіш

Қазақстанда сауда нарықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде ел бойынша 46 сауда нысанында күрделі жөндеу және жаңғырту жүріп жатса, олардың қатарында Өскемен қаласындағы «Заря» мен «Заречный» базарлары да бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, биыл наурыздан маусым айына дейін Комитет өкілдері әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, елдің барлық өңірлеріндегі базарларға барып, «Жол картасына» енген нысандарды аралап, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылаған.

– Кейбір нысандар биыл пайдалануға берілсе, қалғандары келесі жылдың басында аяқталады. Алайда жекелеген базарларда құрылыс әлі басталмаған. Кестеден кешігу көбінесе жобалық құжаттамаларды ұзақ келісу мен инженерлік желілерге қосылу процесінің созылып кетуіне байланысты болып отыр. Жергілікті атқарушы органдардан бұл мәселелерді жедел шешуге көбірек қолдау күтеміз, – деді Айдар Әбілдабеков.

Оның сөзінше, Комитетке кәсіпкерлерден техникалық құжаттарды келісу мерзімінің ұзаққа созылуына қатысты көптеген шағымдар келіп түсіп жатыр. Соның негізінде әкімдіктерге техникалық шарттар мен рұқсаттарды алу рәсімін жеделдету және базар иелерімен түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде ұсыныстар жолданған.

Министр Арман Шаққалиев те өз мәлімдемесінде заңнама талаптарына сай келмейтін базарлар 2026 жылдан бастап жұмыс істей алмайтынын ескертті.

– Заңда белгіленген мерзімге алты-ақ ай қалды. Ешқандай мерзім ұзарту болмайды. Жергілікті атқарушы органдар мен сауда нысандары иелерінің өзара тиімді, үйлесімді жұмысы болмаса, базарларды заң талаптарына сәйкестендіру мүмкін емес. Кез келген селқостық, уақыттан ұту немесе формалды көзқарас – бұл заң бұзушылық әрі мыңдаған кәсіпкердің мүддесіне нұқсан келтіру, – деді министр.

Арман Шаққалиев базарларды жаңғырту уақыт талабы екенін атап өтіп, бұл шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға оң ықпал ететінін жеткізді. Мәселен, 2024 жылы базарлардағы хронометраж нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджетке қосымша 1,3 миллиард теңге түскен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу